"Өнер мемлекетке емес, қоғамға қызмет етуі керек"

Бос тұрған кинозал (Азаттық архивіндегі фото)

Қазақстан кино өндірісінде ашаршылық тақырыбы қалай көрсетіліп жүр, оған тарихи-саяси тұрғыдан қандай да бір кедергі бар ма? Бұл тақырыпта кинотанушы Әсия Бағдәулетқызымен қысқа сұхбаттастық.

Азаттық: Қарап отырсақ, Қазақстанда соңғы жылдары өткен ғасырдағы аштық, ашаршылық тақырыбында түсірілген фильм аз емес екен. Көп деуге де келмес, бірақ жоқ деуге болмайды. Олардың сапасы, көркемдік шешімі бір басқа тақырып, әрине. Дегенмен совет дәуіріндегі аштық, ашаршылық кезеңі Қазақстан киноларында қай деңгейде қамтылды? Көрермен сұранысы қаншалық қанағаттандырылды?

Кинотанушы, журналист Әсия Бағдәулетқызы

Әсия Бағдәулетқызы: Фильмнің түсірлуі – ол аз. Тақырыпқа қызығушылық көрермен жағынан да, режиссерлер мен суреткерлер жағынан да бар. Бірақ ең үлкен мәселе – түсірілген фильмдердің халыққа жете бермейді. Ең үлкен мәселе – сол. Мұның астарында елдегі саяси дискурстар жатқан болар.

Азаттық: Білуімше, бұл фильмдердің көбі мемлекеттің қолдауымен түсіріледі. Халыққа жетпеуіне не кедергі? Мемлекет өзі жұмсаған ақшаны жұмсауға құлықсыз ба?

Әсия Бағдәулетқызы: Ақан Сатаев түсірген соңғы фильм "Күлпәшқа" қарасақ, ондағы үлкен мәселе - ол прокатқа шығады деген уақытынан кешіктіріліп шықты және сол аралықта фильмдегі Ашаршылық туралы титрлар алынып тасталды. Алғашқы біз көрген нұсқада болған титрлар прокат куәлігін алғаннан кейінгі нұсқада жоқ дегенді естідім. Өз басым оның қазіргі нұсқасын көрген жоқпын, басқа журналистердің жазуына қарағанда алынып тасталған. Яғни біздің мемлекетте екіұдай, екіжақты саясат [бар сияқты].

Себебі Ашаршылық туралы біздің үлкен саясаткерлер де айтады. Айтқанда да трагедия ретінде көрсетеді. Ресми сөздерінде оны қылмыс немесе геноцид деп атамайды. Киноға деген көзқарас та дәл сондай: тақырыпты түсіруге рұқсат етілуі мүмкін, бірақ фильмнің режиссер ойлағандай экранға шығуына, көпшілікке таралуына кедергі бар сияқты. Мысалы, Ардақ Әмірқұловтың бірнеше жыл бұрын "Жел тоқтаған жер" деген фильмі болды, ол да осы тақырыпты көтерген, бұл фильм де үлкен прокатқа шықпай қалды. Сол сияқты бірнеше мысалды келтіруге болады.

Азаттық: Титрлар ғана алынып па, әлде қиылып қалған басқа жерлері де бар ма екен?

Әсия Бағдәулетқызы: Соңғы нұсқаны көрмедім, сондықтан айта алмаймын.

Азаттық: Кинотанушы ретінде осы саланың мамандарымен көп таныс-біліссіз. Қазақстанда 1930 жылдардағы Ашаршылық немесе қуғын-сүргін тақырыбында "мынаны көрсетпеу керек, айтпау керек" дейтіндей қандай да бір ресми немесе бейресми тыйым бар ма?

Әсия Бағдәулетқызы: Режиссерлерден естігенім бар. Осы тақырыпта сценарийін жылдар бойы өткізе алмай жүргендер, мемлекеттік қолдаумен кешіктіріп барып түсірілген фильмдер бар. Мемлекеттік қолдау болмаған жағдайдың өзінде кедергі кездеседі. Мысалы, Марина Қонарованың "Ұлы дала зары" фильмі жеке қаржыға түсірілсе де, кинотеатрларда көрсетілмеді. Мұнда министрлік тарапынан тікелей шектеу болмаса да, кинотеатрлардың өзінде "касса жинамайды" деген құлықсыздық болуы мүмкін. Нақты дәлел бере алмаймын, бірақ "естіген құлақта жазық жоқ", режиссерлердің аузынан осылай естігенім рас.

Азаттық: Осының алдында "Әбіл" фильміндегі экс-президент Назарбаев туралы айтылатын тұстардың қысқарғаны белгілі болды. Оның алдында "Руың кім?" деген комедияда негізгі кейіпкерлердің руы қазіргі президенттің руымен ұқсас болғаны, кейін оның басқа руға ауыстырылғаны, сөйтіп фильм мазмұнына өзгеріс енгені туралы ақпарат шыққан. Режиссер Ермек Тұрсынов та Азаттыққа бір жыл бұрын берген сұхбатында "Бесмойнақ" картинасы цензураға ұшырап, кинотеатрлардан көрсетілмей қалғанын айтқан. Мұндай сүзгі қаншалық дұрыс немесе бұрыс?

Әсия Бағдәулетқызы: Мұндай сүзгіні дұрыс дейтін саналы адам жоқ шығар. Өнер мемлекеттің ақшасына түсірілгенмен, мемлекетке емес, қоғамға қызмет етуге тиіс. Бізде мемлекеттік мүдде мен қоғамдық мүддені теңестірілген. Көпшілік мұны солай қабылдайды немесе идеологиялық машина оны солай қабылдаттыруға жұмыс істейді. Шындығында халықтың мүддесі билік басындағылардың саяси ұстанымымен әрқашан сәйкес келе бермейді. Бұл – үлкен мәселе, университетте студенттерге осының ара-жігін ажыратуға үйретуге тырысамын.