Оңтүстік Кореяның полициясы Сирияда шоғырланған "Қатиба әт-Таухид әл-жихад" атты ұйымды қаржыландырды деген күдікпен өзбек азаматын ұстады.
Оңтүстік Кореяның тергеу органдарына сүйенген Yonhap агенттігінің хабарлауынша, 30 жастағы ер адамға Интерпол арқылы іздеу жарияланып, сәуірде ұсталған. Қазір қамауда отыр. Күдікті сот алдында жауап беріп жатыр.
Тергеу дерегінше, ол криптовалюталық ұйымға 6,3 миллион вон (шамамен $4,6 мың) қаражат аударған. Одан бөлек, террористік ұйымнан криптовалюта алып, жалпы құны 170 млн вон ($124,5 мың) қаражатқа 11 көлік, екі экскаватор сатып алған деп айтылады. Агенттіктің жазуынша, техника Сирияға жөнелтілген.
Ақпаратқа қарағанда, Оңтүстік Кореяда ұсталған өзбек азаматы қолданылған көліктерді экспорттаумен айналысатын жерлестерінің бірінің атына тіркелген компанияға жетекшілік еткен.
Полиция сонымен бірге негізгі күдікті жоғарыда аталған ұйымға мүше інісімен байланыста болғанын анықтаған. Дегенмен күдіктінің аталған ұйымға мүше екенін полиция анықтай алмаған.
Полицияның болжамынша, Өзбекстанның тағы үш азаматы оған көлік іздеп, сатып алуға көмектескен. Олар да тергеліп жатыр, бірақ қамалмаған.
Өзбекстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі әзірге күдікке ілінген төрт өзбек азаматына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
2022 жылы наурызда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Қатиба әт-Таухид әл-жихад" ұйымын өзінің санкция тізіміне енгізген.
2016 жылы АҚШ мемлекеттік департаменті "Қатиба әт-Таухид әл-жихад" ұйымын ғаламдық террористік ұйымдар тізіміне енгізген. Аталған топқа ресми түрде тыйым салынған және көптеген елде террористік ұйым танылған.
Өткен айда Өзбекстанның ондаған азаматы Түркияда күмәнді қаржы операцияларына қатысы бар деген күдікке ілінген еді. Күмәнді қаржының нақты қай елдерге жіберілгенін Түркияның мемлекеттік органдары хабарлаған жоқ.