Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті өмірлік түрме жазасына кесілді

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ель

Оңтүстік Кореяның соты 2024 жылы желтоқсанда елде қысқа уақытқа әскери жағдай жариялап, ізінше "бүлік ұйымдастырды" деп айыпталып, биліктен шеттетілген бұрынғы президент Юн Сок Ельді кінәлі деп танып, оған өмірлік түрме жаза берді.

Арнайы прокурор соттан бұрынғы президентті өлім жазасына кесуді сұраған. Елде 1997 жылдан бері өлім жазасын қолдануға мораторий жарияланған.

65 жастағы Юн өзіне тағылған айыптармен келіспеді. Ол президент ретінде елде әскери жағдай жариялауға құқығы болғанын айтып, мұндай қадамды оппозициялық партиялардың үкімет жұмысына кедергі келтіруіне назар аударту мақсатында жасағанын айтты.

BBC ақпарат агенттігінің жазуынша, сот Юнмен қатар айыпталған бірқатар бұрынғы шенеуніктерге де үкім оқыған. Атап айтқанда, бұрынғы қорғаныс министрі Ким Ен Хен 30 жылға бас бостандығынан айырылған, бұрынғы барлау қызметінің жетекшісі Но Сан Вон – 18 жылға, полицияның бұрынғы бастығы Чо Джи Хо 12 жылға сотталды.

Сотталушыларда үкімді апелляцияға беруіне бір апта уақыты бар.

  • 2024 жылы 3 желтоқсанда парламенттегі оппозициямен ұзақ текетірестен кейін Юн Сок Ель елде "іштегі Солтүстік Корея жақтастарымен күресу үшін" әскери жағдай енгізілгенін жариялаған. Алты сағатқа созылған жарлық саяси партиялардың жұмысына, наразылық, ереуіл өткізуге тыйым салған, цензура енгізіп, әскери соттың өлім жазасы туралы үкім шығаруға құқығы болған. Ізінше Сеул көшелерінде жаппай наразылық тұтанған. Кейін депутаттар Юнды "бүлік жасамақ" болды деп айыптап, оған ичмпичмент жариялап, биліктен шеттетті.
  • Жалпы Юн Сок Ельге қарсы сегіз қылмыстық іс қозғалған. Олар оның елде әскери жағдай жариялау талпынысы, оның әйелінің жемқорлық күдігіне ілінуі, 2023 жылы теңіз күштері сарбазының қазасына қатысты.