Орал қаласының прокуратурасы 16 жастағы Ресей азаматы Тимур Турковты отанына депортацияламауды сұрап, 3 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық сотының апелляция алқасына өтініш жолдаған. Жасөспірім былтыр күзде Қазақстанға қашып келгеннен кейін Кремльдің саясатымен және әскери риторикасымен келіспейтінін мәлімдеген.
Былтыр желтоқсанда Орал қалалық соты Турковты мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін кінәлі деп танып, оған айыппұл салған және ел аумағынан шығару туралы шешім қабылдаған. Сот шешіміне сәйкес, оған алдағы бес жылда Қазақстанға кіруіне тыйым салынды.
Турков қазақстандық құқық қорғаушылардың және солар тапқан адвокаттың көмегімен сот шешіміне келіспейтіні туралы шағым түсірді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орал соты Қазақстанға қашып келген ресейлік жасөспірімді еліне қайтару туралы шешім шығардыОблыстық сотта прокуратура "Турковқа пробациялық бақылау белгілемей, алты ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын" берген алғашқы сатыдағы сот шешіміне наразылық білдіріп, оны өзгертуді талап етті. Прокурорлар қалалық сотта қылмыстық заң дұрыс қолданылмаған деген қорытындыға келді, сондықтан Турков Қазақстаннан шығарылсын деп шығарылған қосымша жаза жойылуға тиіс деп санайды.
Коми республикасының Летка ауылының тумасы Тимур Турков былтыр 9-сыныпты тәмамдаған. Сол жылы күзде ол Қазақстан аумағына шекарадан заңсыз өтіп кірген соң өзі жолықтырған жергілікті тұрғындарға шекарашыларды шақырыңдар деп өтініш айтқан.
Жасөспірімнің сөзінше, кәмелетке толмағандар Ресейден тек заңды өкілдерімен бірге немесе олардың ресми келісімімен шыға алатындықтан, шекарадан заңды түрде өтуге мүмкіндігі болмаған. Коронавирус пандемиясы кезінде анасы қайтыс болғаннан кейін Турковқа асыраушысы ретінде әжесі бекітілген. Ресейдің Украинаға басқыншылығын сөлекет санамайын атам мен әжем көрші елге кетуге рұқсат етпеуші еді деп түсіндірген Турков. Жасөспірім өзі тұрған аймақтағы мектептерде соғыс әспеттеліп, Украинада қаза тапқан ресейлік сарбаздарды жерлеу рәсіміне жоғары сынып оқушыларын қарауыл қылып қоятынын айтқан.
Қазақстанның шекара қызметі Турковты ұстап, әлеуметтік қорғауға зәру балалар орталығына жіберген. Оны Оралдағы қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырған. Турков Қазақстаннан пана сұрап құжат тапсыруға талпынғанымен, құзырлы органдар өтінішін тіркемей қойған.
Қазақстандық адам құқықтары бюросының құқық қорғаушылары Қазақстанна пана сұраған Ресей азаматтарының ешқайсына босқын мәртебесі берілмегенін айтады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Ешқайсына босқын мәртебесін бермеді". Мәскеу экстрадициялауды талап еткен ресейліктерге Астана қалай қарайды?