Оралда 50 күн әкімшілік қамауда болған белсенді қайта ұсталды

Маруа Ескендірованы полицияның ұстаған сәті. Скриншоттардан құралған коллаж. Орал қаласы, 4 қыркүйек 2026 жыл.

4 қыркүйекте Оралда белсенді Маруа Ескендірованы полиция тағы ұстады деп жазды Адам құқығын қорғау бюросы. Ақпаратқа қарағанда, белсенді әкімшілік қамалғандарға арналған изолятордан шыққаннан кейін бірден Абай алаңына барып, конституциялық құқығын пайдаланып, пікірін жеткізбек болған.

"Бұл – пікір айтуына мүмкіндік бермей, ұстап әкеткен оның үшінші наразылық акциясы. Осыған дейінгі екі акцияға қатысқаны үшін ол арнайы қабылдау орнында 50 күн қамауда болған еді" деп жазды бюро.

Полиция оны алаңнан ұстап әкеткен.

Әлеуметтік желіде тараған видеода Маруа Ескендірованың алаңда тұрғаны, оның "әлеуметтік мәселелерді шешуді және жеке тұрғын үй құрылысына 10 сотық жер бөлуді талап етемін" деген жазуы бар футболка киіп тұрғаны көрінеді. Белсенді "аштық" деген жазуы бар плакаттан жасалған "қалпақты" басына киіп алған.

Белсенді баратын жері жоғын айтып, әкімдік 10 сотық жер бермейінше, әкімдіктің маңынан кетпейтінін айтады. "Батыс Қазақстанда 80 мыңнан астам адам жер кезегінде тұр. Біздің бәрімізді лақтырып кетті" деді белсенді сөз арасында.

Оған әуелі әкімдік өкілі, кейін прокурор, ізінше полиция келіп, ақыры ұстап әкеткен.

"Әкімшілік қамау қаншалықты орынды және бұл адамның бейбіт түрде пікір айту құқығын шектеу тетігіне айналып кеткен жоқ па?" деген сұрақ қояды құқық қорғаушылар сенбі күні хабарламасында.

Орал полициясы әзірге, оқиғаға түсініктеме берген жоқ.

Маруа Ескендірова қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген белсенділердің бірі. Сол үшін талай рет әкімшілік қамауға алынды. 2023 жылы Орал соты "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деп белсендінің бостандығын шектеген. Сот бұған қоса, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуларына тыйым салған. Кейін Маруа Ескендірова мерзімінен ерте босап шықты.

2020 жылғы "Бейбіт жиналыстар туралы" заңға сәйкес, митинг өткізуге ниетті адам ол туралы жергілікті атқарушы органға ескерту жіберуі тиіс. Онда митинг тақырыбы, орны, қатысатын адам саны, ұйымдастырушының деректері сияқты түрлі деректер көрсетіледі. Билік "митинг өткізу ережесін рұқсат алу принципінен алдын ала хабарлау қағидасына ауыстырдық" деп мәлімдеген. Бірақ халықаралық құқық қорғау ұйымдары мен белсенділер іс жүзінде бұрынғы тәртіп сақталғанын айтады.

2026 жылы наурызда қабылданған жаңа Конституция бойынша, азаматтардың "бейбіт жиналысқа құқығы бар", бірақ бұл "құқықты пайдалану конституциялық құрылыс негіздерін, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың денсаулығы мен қоғамның адамгершілік болмысын сақтау мақсатында заңмен шектелуі мүмкін".