Орал қалалық соты "Бопсалау" бабы бойынша айыпталған 43 жастағы блогер Айболат Бөкеновті үш жылға бас бостандығынан айырды. Бұл жөнінде mgorod сайты жазды.
Сайттың жазуынша, сот оны алаяқтық, бопсалау және қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп таныған.
Тергеу мәліметінше, Бөкенов әлеуметтік желіде "билікті сынап, сол арқылы аудитория жинап", "көмегі үшін" және "жазбаны жоюы үшін" ақша талап еткен. Істе Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданның әкімі, шенеуніктер мен депутат жәбірленуші танылған.
Сайттың жазуынша, блогер өзіне тағылған айыпты мойындап, ақшаны қайтаруға уәде берген. Басылым сотталушы айыптау жағымен "кінәні мойындау туралы келісім жасасқанын" жазды.
Сайт бұған дейін процестің жай-жапсары туралы да жазған.
Блогер тергеу кезінде үйқамақта болған. Үкім оқылғаннан кейін сот залында қамауға алынған. Сот үкімі әлі күшіне енбеген.
Қазақстанда кейінгі кезде "Бопсалау" бойынша айыпталған блогерлер мен белсенділердің саны артты. 20 ақпанда Алматы соты "Бопсалау" бабы бойынша айыпталған блогерлер Дамир Кушеев пен Руслан Каримовті 9 жылға бас бостандығынан айырған. Блогерлер өздеріне тағылған айыппен үзілді-кесілді келіспеген. Оның алдында Қызылорда облысында белсенді Ерғали Құлбаев осы бап бойынша 4 жыл түрмеге кесілді. Құлбаев өзіне тағылған айыппен келіспеген.