17 наурыз күні Астанада Қазақстанның Референдум жөніндегі орталық комиссияның төрағасы Нұрлан Әбдіров жексенбіде өткен жалпыұлттық референдумның түпкілікті қорытындысын жариялады. Ол содан бір күн өзі жария еткен алдын ала қорытынды көрсеткішіне ұқсас шықты.
Ресми мәлімет бойынша, дауыс берген 7 954 667 азамат (87,15%) жаңа Конституция жобасын қолдап, 898 099 адам (12,85%) қарсы болған.
Барлығы 9 127 192 адам, яғни ресми тіркелген сайлашылардың 73,12% референдум бюллетенін алған.
146 558 бюллетень жарамсыз деп танылған, ал 127 868 бюллетень есепке алынбаған.
Қазақстанның қолданыстағы заңына сәйкес, дауыс беру құқығына ие азаматтардың жартысынан көбі қатысқан жағдайда референдум өтті деп саналады.
Сейсенбіде ОРК ғимаратында өткен брифинг кезінде журналистер комиссия мүшелеріне дауыс беру кезіндегі заң бұзу деректері туралы арыз-өтініштер жөнінде де сұрақ қойды.
Алматылық құқық қорғаушы Маржан Аспандиарова 16 наурыз күні референдум учаскесіне барғанында, өзінің орнына белгісіз біреу қол қойып кеткенін көргенін айтып, заң орындары мен Орталық референдум комиссиясына шағым түсіргенін хабарлаған еді.
17 наурыз күні Азаттық тілшісі Нұргүл Тапаеваның сұрағына жауап берген ОРК төрағасының орынбасары Шавхат Өтемісов ол мәселеден өздері хабардар екенін айтып, "бұл сондағы учаскелік комиссия мүшесінің қатесі" деп түсіндірді.
Өтемісовтің сөзінше, "учаскеге дауыс беруге көп адам келгендіктен ол шатасып, тізімдегі өзге адамға бюллетень берілгені туралы басқа жерге қол қойғызған".
– Біз шұғыл шара қабылдап, ол адамды жұмыстан шығардық. Ал басқа мәселелер біздің құзырымызға жатпайды, тиісті органдар бұл мәселеге жауап береді деп ойлаймын, – деді Өтемісов Азаттық тілшісіне.
Конституция жобасы бойынша референдумге дауыс беру барысын байқаушылар қадалаған кей учаскеде бюллетень алып, өз таңдауын жасауға келген азаматтар саны ондай байқаушы болмаған учаскелермен салыстырғанда аз болды деген пікірлер әлеуметтік желіде айтылып, жазылып жатыр. Журналистер ол жөнінде де сұрақ қойды.
– Facebook-тегі, я басқа да әлеуметтік желідегі мәлімет – сол жазба авторының пікірі. Біз заңға сай келе ме, келмей ме – мәселенің осы жағын қараймыз... Егер де заң бұзушылық көретін болса, онда сол жерде айту керек, және де оның да тиісті формалары бар, соны жазбаша түрде қалдыруға болады. Біз дауыс беруге неше адам келгені туралы мәліметті әр екі сағат сайын алып отырдық. Ал бұл жерде ешқандай мәселе көріп отырған жоқпыз, – деп жауап берді ОРК мүшесі Мұхтар Ерман.
Қазақстандағы референдум кезінде сауалнама жүргізуге биліктен рұқсат алған үш институт дауыс беру аяқталғаннан кейін референдумге қатысқан азаматтардың 86 пайыздан астамы жаңа Конституция жобасын қолдады деп жариялаған.
Конституция жобасының авторы өзі екенін айтып жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жолғы дауыс беруге қатысқандар "рекордтық көрсеткішке" жеткенін айтып, референдумның ресми қорытындысы әлі жарияланбай жатып, жаңа Конституция қабылданды деп мәлімдеді.
Конституция жобасында қазіргі қос палаталы парламенттің орнына партиялық тізіммен сайланатын бір палаталы Құрылтай болатыны, президент қызметке тағайындайтын вице-президент лауазымы енгізіліп, Халық кеңесі деген кеңесші орган құрылатыны жазылған. Халық кеңесінің құрамын президент тағайындайтынын Тоқаев бұған дейін айтқан.
Бұған қоса Конституция жобасында бірқатар мемлекеттік маңызды билік органдары басшыларын президент жеке дара өзі тағайындайды деп көрсетілген.
Кейбір сыншылар заң шығарушы билік тармағы әлсіреп, президенттің құзыры одан сайын кеңейеді десе, Ақорда керісінше, тежеу және тепе-теңдік ұстау жүйесі нығайып, елдің "ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз етеді" дейді.
Қазақстан тәуелсіздігін жарияғалы бергі өткен кезеңде екі рет жаңа Конституция қабылдаған. Біріншісі 1993 жылғы 28 қаңтарда, ал екінші Конституция 1995 жылғы 30 тамызда жалыхалықтық референдум қорытындысы бойынша қабылданған.