Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижесін жариялады. Орталық Азия елдері оқушыларының көрсеткіші барлық бағыт бойынша ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішішінен төмен болып шықты.
Дегенмен Өзбекстан жаратылыстану ғылымы бойынша көрсеткішін күрт жақсартқан, Қазақстанның математика бойынша нәтижесі нашарлаған, ал Қырғызстан 16 жылдық үзілістен кейін алдыңғыға қарағанда жоғары нәтиже көрсеткен.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) бүкіл әлем бойынша 15 жастағы оқушыларды бағалаудан өткізеді. Ол PISA бағалау жүйесі деп аталады. Ұйым осылай оқу, жазу және ғылым саласындағы функционалды сауаттылықты анықтайды.
Ұйым PISA-2025 нәтижесін 8 қыркүйекте жариялады. Оған әлемнің 91 елінен 15 жастағы 760 мыңнан астам оқушысы қатысқан. Орталық Азиядан ұлттық деңгейде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан қатысқан. Тәжікстаннан тек Душанбе оқушылары қатысқан. Ал Түркіменстан зерттеуге қатыспаған.
Жаратылыстану ғылымы бойынша ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіші – 482 балл. Өзбекстан 438, Қазақстан – 420, Қырғызстан — 363, Душанбе — 334 балл иеленген.
Өзбекстанның көрсеткіші айтарлықтай жақсарған. ЭЫДҰ дерегінше, оның жаратылыстану ғылымы бойынша көрсеткіші 355 балдан (2022 жылы) 438 балға (2025 жыл) дейін артқан. Қарапайым деңгейге жетпеген оқушылардың үлесі 81 пайыздан 35 пайызға дейін азайған.
Дегенмен ЭЫДҰ Өзбекстанның математика мен оқу бойынша нәтижесін жариялаған жоқ. Ұйым деректерден сәйкессіздік анықтаған, бұл әсіресе жекелеген мектептер мен аймақтарға қатысты, бұл оны өзге елдердің көрсеткішімен салыстыруға кедергі келтірген.
Қазақстанның жаратылыстану ғылымы бойынша көрсеткіші – 420 балл, математетика – 414, оқу бойынша – 385. 2022 жылмен салыстырғанда елдің математика бойынша көрсеткіші 12 балға төмендеген. Жаратылыстану ғылымы бойынша қазақстандық оқушылардың 52 пайызы қарапайым деңгейге жеткен, математика бойынша бұл көрсеткіш – 44 пайыз, оқу бойынша – 36 пайыз.
Қырғызстан жаратылыстану бойынша 363 балл алған, математика бойынша – 364, оқу бойынша 344 балл. ЭЫДҰ дерегінше, елдің барлық үш бағыт бойынша көрсеткіші 2006 және 2009 жылғы нәтижелерден жоғары.
Тәжікстаннан тек Душанбедегі оқушылар қатысты. Астаналық оқушылар жаратылыстану ғылымынан – 334, математикадан – 382, оқудан 368 балл алған. Бұл тұтас елге ортақ деп айту қиын.
Цифрлық ортадағы тапсырмаларды орындау бойынша жекелеген тестен Қазақстан 449 балл, Өзбекстан — 402, Қырғызстан — 388 балл алған. Ал ЭЫДҰ бойынша орташа көрсеткіш 500 балл.
PISA зерттеуі 2000 жылдан бері үш жыл сайын өткізіліп келеді және оқушылардың мектеп бағдарламасы бойынша білімін ғана емес, математика, оқу және жаратылыстану ғылымдары бойынша білімді практикалық жағдайда қолдана білу дағдысын да бағалайды.
Халықаралық PISA зерттеуінің нәтижесі ЭЫДҰ елдеріндегі 15 жастағы оқушылардың математика және оқу бойынша орташа көрсеткіші зерттеу тарихындағы ең төменгі деңгейге дейін түсіп кеткенін көрсетеді. Жаратылыстану ғылымы бойынша орташа балл 2022 жылдан бері өзгерген жоқ деуге болады, бірақ алдыңғы онжылдықтардағы деңгейден төмен.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) — дамыған нарықтық экономикасы бар мемлекеттердің халықаралық ұйымы. Оған дамыған 38 ел мүше, Қазақстан ұйымның "серіктесі" мәртебесіне ие.