Шілденің ортасында Ташкентте президент кортежі өткен жолда апат болып, салдарынан екі адам көз жұмды. Осыдан соң, мемлекет басшыларына ұзын-сонар автоколоннаның қажеті не деген талқы туды. Мұндай кортеждер қала тұрғындарына қолайсыздық тудырып, кейде азаматтардың өміріне қауіп төндіріп жатады. Азаттық Азия редакциясы Орталық Азия елдері басшыларының кортеждері тап болған төтенше жағдайлар мен мұндай салтанаттың не үшін қажет екенін талдап көрді.
Жоғары жылдамдықпен келе жатқан үш мотоцикл Chevrolet Onix автокөлігіне соқтығысып, автомобиль инерциямен жол жиегіне ұшып кеткен. 16 шілде күні Ташкентте болған бұл жол-көлік оқиғасы әдеттегі криминалдық жаңалықтардың бірі болып қалуы мүмкін еді. Бірақ олай болған жоқ.
КІСІ ӨЛІМІНЕ ӘКЕЛГЕН АПАТ
Оқиғаның қоғамдық талқыға ұласуының себебі, апатқа ұшыраған мотоциклдер жол-патруль қызметіне тиесілі болған. Жүргізушілер – инспекторлар. Біреуі оқиға орнында мерт болып, екеуі жарақат алған. Екі аптадан соң автомобиль жүргізушісі аурханада көз жұмды.
Мотоциклдер көшеде кетіп бара жатқанда қиылыстағы жолдарды полицейлер бөгеп тұрған. Апат болған қиылыста да бірнеше жол жүрісін реттеуші полицейлер болған. Орталық көше бойымен фургон және тағы бірнеше автокөлік өткен соң, полицейлер қиылыста күтіп тұрған көліктерге жолды ашады.
Осыдан соң, бағдаршамның жасыл түсі жанып, Chevrolet Onix көлігі орталық көшенің қиылысына бет алады. Сол кезде патруль қызметінің үш мотоциклі оған келіп соғылады. Бір мотоцикл соққы салдарынан өртке оранса, автомобиль жолдың шетіне сырғып, тағы екі көлікті жанап кетеді.
Өзбекстан ішкі істер министрлігіне қарасты қоғамдық қауіпсіздік департаментінің жол қозғалысының қауіпсіздік қызметі ресми хабарламасында апаттың себебін айтпай, қосымша ақпарат тексеру жүргеннен кейін жарияланатынын мәлімдеді.
БҰЛ КІМНІҢ КОРТЕЖІ?
Апаттан соң, әлеуметтік желіде патруль қызметінің мотоциклдері президент кортежін сүйемелдеп бара жатқан деген ақпарат тарады. Кейбір желі қолданушылары оқиға орнында болғанын айтты.
"Енді мұны жалған ақпарат деп отыр. Алайда бұл уақытта ол жолмен тек президент қана жүреді. Бұл шынымен президент кортежі болатын. Сол жерде өзім болдым" деді желі қолданушысы.
Жазбаның скриншоты
"Мотоциклдер қиылысқа үлкен жылдамдықпен және бағдаршамның қызыл түсіне қарамай шықты. Енді бүкіл кінәні қозғалысты ашқан жол-патруль инспекторына артып отыр. Егер рация арқылы кортеждің өтіп кеткені туралы хабар алмаса, ол жиналып қалған көліктерге жол ашпас еді деп ойлаймын. Жалпы, мұндай кортеждердің өзін жою керек", – деп жазды тағы біреу Facebook-те.
Жол қозғалысының қауіпсіздігі қызметінің баспасөз хатшысы Зойир Юлдашев жол апатының президент кортежіне қатысы барын жоққа шығарды.
"Әлеуметтік желілерде бұл оқиға кортеждің қозғалысы кезінде болған деген шындыққа жанаспайтын ақпарат тарап жатыр. Интернет қолданушыларынан расталмаған мәліметтерді таратпауды сұраймыз" деп жазды ол өзінің Telegram-арнасында.
Алайда Азаттық радиосы Өзбек қызметінің күш құрылымдарындағы екі дереккөзі апатқа ұшыраған мотоциклдер шынымен де президент кортежінің құрамында болғанын растады.
"Бұл президент кортежінің соңында келе жатқан қауіпсіздік қызметінің адамдары еді. Олар үшін мұндай жылдамдық – қалыпты жағдай. Олар азаматтық көліктердің көлденең көшеден шығуына тыйым салынғанын білді" деді қауіпсіздік мақсатында аты-жөнін көрсетпеуді сұраған бір дереккөз.
Ташкенттегі апаттың видеосынан скриншот.
Өзбекстан қауіпсіздік органдарында істейтін тағы бір адам апатқа президенттің мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің қателігі себеп болғанын айтты.
"Енді осы мекеменің жоғары лауазымды шенділері қызметінен айырылады" деді ол өткен колонна расымен де президент кортежі екенін қуаттап.
Апаттың келесі күні бірқатар баспасөз құралы өз дереккөздеріне сүйеніп, мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің басшысы Әлішер Усманов жұмыстан шығарылғанын хабарлады. Ол бұл мекемені 2020 жылғы желтоқсаннан бері басқарып келген. Оның қызметтен не үшін босатылғаны айтылмады.
18 шілде күні таңертең Өзбекстан президентінің баспасөз хатшысы Шерзод Асадов бұл ақпаратты растады. Президент қауіпсіздігі қызметінің жаңа басшысы болып ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары әрі ұлттық гвардияның экс-қолбасшысы Рустам Жұраев тағайындалды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қонақ келсе – кептеліс. Орталық Азия елдері қауіпсіздік үшін көшені жабуға неге құмар?ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ПРЕЗИДЕНТТЕРІНІҢ КОРТЕЖДЕРІ ҰШЫРАҒАН КӨЛІК ОҚИҒАЛАРЫ
Орталық Азия елдерінде президент кортеждері тап болған бұдан өзге де жол-көлік оқиғалары болған.
Аймақтағы ең шулы оқиғалардың бірі 2002 жылдың қарашасында Түрікменстанда болған. Ашғабад билігінің сол кездегі мәлімдеуінше, Түрікменстанның бірінші президенті Сапармұрат Ниязовтың қала сыртындағы резиденциядан қайтып келе жатқан кортежге автоматтан оқ атылған.
Алайда халықаралық құқық қорғау ұйымдары, дипломаттар мен тәуелсіз сарапшылар бұл оқиғаны арнайы қызметтердің ұйымдастырған қойылымы немесе арандатуы болуы мүмкін деп бағалады. Өйткені билік осы оқиғаны ел ішіндегі және шетелдегі оппозицияны толықтай жоюға әрі саяси алаңды тазартуға сылтау ретінде пайдаланған.
2006 жылғы қаңтардың аяғында Қазақстандағы Алматы – Ташкент тас жолының 465-шақырымында Volvo жүк көлігі сол кездегі Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиевтің кортежін алып жүрген полиция көлігіне соқтығысқан. Салдарынан Қазақстанның жол полициясының қызметкері жарақат алды. Бакиевтің кортежі Қазақстан аумағы арқылы Талас өңіріне бара жатқан.
2021 жылғы маусым айында Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ыстықкөл облысына сапары кезінде оның кортежіндегі қызметтік көлікке қарсы бағытқа шығып кеткен жеңіл автокөлік үлкен жылдамдықпен соғылған. Ресми мәлімет бойынша, көлікті 67 жастағы мас жүргізуші басқарған. Жапаровтың өзі зардап шеккен жоқ. Алайда апат салдарынан президенттің медициналық тобының көз дәрігері қаза тауып, тағы бірнеше адам ауыр жарақат алған. 2023 жылы Бішкектің Бірінші май аудандық соты президент кортежіне соқтығысқан автокөліктің жүргізушісін үш жылға бас бостандығынан айырды.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың Ташкенттегі кортежі. 2021 жылғы наурыз.
Орталық Азия басшыларының кортеждері шетелдегі сапарлар кезінде де жол апаттарына ұшыраған.
2021 жылғы тамызда Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің Түркияның Измир қаласына ресми сапары кезінде кортеждің соңындағы бес Mercedes көлігі бір-біріне соқтығысып, кейін журналистер отырған автобусқа барып соғылған. Оқиға салдарынан бірнеше шенеунік пен күзет қызметкері жарақат алған.
Ал 2018 жылғы қазанда Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Жапонияға ресми сапары кезінде оның кортежіндегі дипломатиялық көліктердің біріне тәжірибесі аз жергілікті жүргізуші басқарған автокөлік соқтығысқан. Зардап шеккендер болмағанымен, дипломатиялық көлік қатты зақымданған.
Орталық Азия елдерінде президент кортеждері жүрген кезде негізгі көшелер сағаттап жабық болады. Бұл жұмысқа, ауруханаға немесе басқа маңызды жерге асығып бара жатқан тұрғындардың наразылығын жиі тудырады. Бұдан бөлек, мұндай шектеулер жедел жәрдем көліктерінің ауыр халдегі науқастарға уақытында жете алмауына себеп болып, адамдардың өміріне нақты қауіп төндіреді.
2025 жылғы 15 қазанда Түрікменабад қаласында жүктіліктің жетінші айындағы әйел құрсағындағы сәбиімен бірге қайтыс болды. Құқық қорғау органдары президент Сердар Бердімұхамедовтің кортежі өтетіндіктен, ауруханаға баратын жолды жауып тастаған.
Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың немесе бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кортеждері ұшыраған ірі жол оқиғалары туралы ақпарат болған жоқ. Дегенмен Алматы мен Астанада президент кортежі өтетін кезде көшелердің жабылуына байланысты әлеуметтік желілерде тұрғындардың наразылығы ауық-ауық байқалады.
2024 жылы Астанада Есіл өзені арқылы Ақорданы президент іс басқармасының жерінде салынған қала сыртындағы үлкен резиденциямен тікелей байланыстыратын көпір салынды. Бұл көпір мен оған апаратын жол қарапайым көліктер үшін жабық. Жол белгілері оған тек автокөліктердің ғана емес, жаяу жүргіншілердің де жақындауына тыйым салады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Астанадағы құпия көпір мен Ақордаға апаратын жол кім үшін салынды?ҚАУІПСІЗДІК ТАЛАБЫ МА, ӘЛДЕ ПРЕЗИДЕНТ СТАТУСЫН ПАШ ЕТУ МЕ?
Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence сараптама орталығының директоры, саясаттанушы Әлішер Илхамовтың пікірінше, Орталық Азия елдері басшыларының салтанатты автокортеждері ең алдымен қауіпсіздік мәселесі емес (әрине, қауіпсіздік қажеттілігін де жоққа шығаруға болмайды), олардың мәртебесін көрсету құралы.
"Әңгіме авторитарлық режимдер туралы болып отыр. Бұл бұрынғы монархиялық жүйелерді еске түсіреді: түрлі салтанатты рәсімдер, мемлекет басшысының қарапайым азаматтан әлдеқайда жоғары мәртебесін көрсетуге бағытталған тәртіптер. Мұның бәрі қоғам мен мемлекет басшысы арасындағы шекараны айқындауға қызмет етеді. "Сендер қарапайым халықсыңдар, ал мен патша іспеттімін" дегенді көрсету үшін" әдейі жасалады" дейді Илхамов.
Қырғызстандағы жол қауіпсіздігі мәселелерімен көп жылдан бері айналысып келе жатқан Азаматтық одақтың үйлестірушісі Ұрмат Қазақбаев сән-салтанатты кортеждердің мақсаты "жоғары мәртебені көрсету" деген пікірмен келіседі. Дегенмен, оның айтуынша, президенттердің жеке қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылығы да негізсіз емес.
"Қылмыспен күрестің алғашқы толқыны Роза Отынбаеваның тұсында болды. Кейін Алмазбек Атамбаев та осы бағытта жұмыс істеді. Кейінгі науқан қазіргі президент Садыр Жапаров кезінде жүріп жатыр және әлі де жалғасып келеді. Егер президент қазір күшейтілген күзетпен жүретін болса, бұл оның қауіпсіздігі тұрғысынан орынды. Өйткені ұйымдасқан қылмыстың жақтастары әлі де бар. Олар қылмыс әлемінің жетекшісі Қамшы Көлбаев (Қырғызстанда қылмыстық топтың жетекшісі ретінде танылған. 2023 жылғы 4 қазанда Бішкекте ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің арнайы операциясы кезінде қаза тапқан – ред.) үшін кек алуды ойлауы мүмкін. Бірінші тұлға үшін әлі де қауіп бар" дейді Ұрмат Қазақбаев.
Әлішер Илхамовтың айтуынша, Еуропа елдерінің басшылары да автокортеждер мен күзет қызметін пайдаланады. Алайда олардың көлемі, қозғалысты ұйымдастыру тәсілі және көшелерді жабу тәжірибесі авторитарлық мемлекеттерден айтарлықтай ерекшеленеді.
Оның сөзінше, Еуропа елдерінің президенттері мен премьер-министрлері де брондалған көліктермен, арнайы қызмет өкілдерінің сүйемелдеуімен жүреді. Бірақ олар қарапайым жүргізушілерге мүмкіндігінше аз қолайсыздық келтіруге тырысады.
Кейбір еуропалық саясаткерлер тіпті велосипедпен жүруді жөн көреді. Мысалы, қазіргі НАТО Бас хатшысы Марк Рютте Нидерланд премьер-министрі кезінде жұмысқа тұрақты түрде велосипедпен қатынап жүрген.
"Мәселен, Ұлыбританияда премьер-министр қызметіне келген адам Лондон орталығындағы дайын қызметтік үйге көшіп келеді. Сол жерде тұрады, сол жерде үкімет отырыстарын өткізеді. Сондықтан оған күн сайын резиденциясынан кеңсесіне дейін бүкіл қаланы кесіп өтудің қажеті жоқ" дейді Илхамов. "Мұның бәрі ғасырлар бұрын өте мұқият ойластырылған. Резиденция сырт көзге қарапайым үй сияқты көрінеді. Ерекшелігі – оған кіретін қақпа күзетпен қорғалған. Барлығы қоғамның мүддесін және мемлекеттік шығындарды үнемдеуді ескере отырып жасалған. Франция президентінің резиденциясы да қаланың орталығында орналасқан. Ол сол жерде тұрады әрі жұмыс істейді".
Илхамовтың айтуынша, Еуропа елдерінің басшыларын кортежбен алып жүрсе де, әдетте бір, ары кетсе екі-үш көлік және үш-төрт полиция қызметкері ғана болады.
"Ал Орталық Азия елдерінде тұтас автокеруендердің жүйткіп бара жатқанын көремін. Даңғазаға ұқсайды" дейді ол.