"Орталық Азия – Жапония" саммитінде Токио декларациясы қабылданды

"Орталық Азия – Жапония" саммиті. Токио, 20 желтоқсан 2025 жыл.

20 желтоқсанда Токиода "Орталық Азия – Жапония" саммитінің қорытындысы бойынша Токио декларациясы қабылданды.

"Бұл форматтағы төрағалық енді Қазақстан тарапына өтті. Орталық Азия мемлекеттері басшылары мен Жапония премьер-министрі келесі саммитті Қазақстанда өткізуге келісті" деп хабарлады Ақорда.

Ақорда Токио декларациясының мән-жайына тоқталған жоқ.

Жапон ақпарат құралдарының жазуынша, декларацияда үш салаға басымдық берілген: көлік инфрақұрылымын дамыту, декарбонизация (көмірқышқыл және өзге де ластайтын газ көлемін шығаруды азайту процесі) және тәжірибе алмасу.

Саммит кезінде Жапония жағы Орталық Азия мен Еуропаны Каспий теңізі арқылы жалғайтын сауда жолын дамытуға көмектесуге дайын екенін жеткізген.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саммит кезінде Жапония үкіметінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысу туралы шешімін құптаған.

"Орталық Азияның Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы негізгі сауда жолдарын тоғыстыратын көлік-логистика саласы Жапония үшін тың мүмкіндіктерге жол ашады. Азия мен Еуропа бағытында құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайыздан астамы Қазақстан арқылы өтеді. Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту айрықша маңызды. Жапон үкіметі Каспий теңізінің Ақтау портындағы кедендік рәсімдерді жетілдіруге атсалысуға ниетті. Біз бұл шешімді құптаймыз" деді Тоқаев.

Оның айтуынша, жапон компаниялары алдағы уақытта Орта дәліздің теміржол, порт, автокөлік және логистика инфрақұрылымын ілгерілетуге үлес қосса, бәріне пайдалы болмақ.

Орта дәліз – бұл Ресейді айналып өтіп, Орталық Азия мен Кавказ арқылы Еуропа мен Қытайды жалғап жатқан, ұзындығы 6500 км болатын сауда маршруты. Көмірсутегі ресурстары мен маңызды шикізат көздеріне өте бай аймақтың бірі саналатын Орталық Азия елдері соғыс басталғалы бері Мәскеумен тығыз қарым-қатынас сақтап отырғанымен Ресейге тәуелділікті азайтуға күш салып, басқалармен де байланысты күшейтуге талпына бастаған.

Орта дәлізді дамытуға енді ресми Токионың қызығушылық білдіруі заңды дейді сарапшылар.

Жапония Орталық Азия елдерінен алыста орналасқан. Сол себепті, мысалы, жапондардың Орталық Азия елдерімен саудасы әзірге бір пайыздан төмен. Жапон тауарлары Еуропаға Қытай теңізі, ары қарай Үнді мұхиты, Қызыл теңіз арқылы жетеді. Сарапшылардың айтуынша, жапон тауарларын Еуропаға, Америкаға теңізбен жеткізуде кедергілер барын былтыр геосаяси келіспеушілік мәселелер туындағанда жапондардың басқа бір бағытты, басқа бір жолды таңдауда стратегиялық мүддесі бары байқалған. Сол себепті жапондар Ресейге тәуелсіз, Орталық Азия арқылы өтетін орта дәлізді дамытуға мүдделі болып отыр.

Бұған дейін Жапония жағының Қазақстандағы геологиялық барлау, тау кен өндірісі ісіне белсендірек қатысуға ниетті екені хабарланған еді. Саммитте де сол мәселе қозғалған.

«Орталық Азияда сирек кездесетін элементтер мен өзге де аса маңызды минералдардың мол қоры бар. Бұл әлемнің жаңа энергетикалық жүйеге көшуіне қажетті ресурс саналады. Өңіріміз таза әрі қуат үнемдейтін өндірістерді аталған ресурстармен қамтамасыз ете алады. Қазақстан Жапониямен қазба байлықтарды барлау, өндіру және өңдеу ісі бойынша ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі.
Бұл ретте терең өңдеуге және орнықты өндіріс тізбегін қалыптастыруға ден қоя отырып, толыққанды өнеркәсіп кластерін құруға басымдық береміз" деді Тоқаев.

Саммит кезінде сөйлеген Жапония премьер-министрі Санае Такаичи аймақтағы геосаяси ахуалды атап өткен.

"Халықаралық ахуалдағы соңғы өзгерістерге байланысты Орталық Азиядағы жағдайдың жылдам өзгеруі аймақтық және ғаламдық ынтымақтастықты маңызды ете түседі" деді Жапония премьер-министрі Санае Такаичи саммит кезінде.

Ресми ақпаратқа қарағанда, былтыр екі ел арасындағы сауда көлемі 2 млрд долларға жеткен. Қазақстан Жапония нарығына уран, сирек кездесетін металдар және мұнай жеткізеді.

Жапония – Қазақстан экономикасының негізгі инвесторларының бірі. Оның Қазақстанға құйған қаржы көлемі 8,5 миллиард доллардан асқан.

Ақорданың хабарлауынша, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға сапар аясында жалпы құны 3,7 млрд доллардан асатын 60-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылған.