Орталық Азияда саяси оппозицияға мүмкіндік бар ма?

Қазақстандағы билікке қарсы наразылық кезінде полиция адамдарды ұстап жатыр. Алматы, 2020 жылдың наурызы.

Орталық Азияда оппозициялық қозғалыстар қоғамнан шеттетіледі. Кейбір оппозициялық лидерлер түрмеде, тағы бірі елден кеткен, ал жаңа оппозициялық партиялар саяси сахнадан орын алуға бар күштерін салып жатыр.

Орталық Азияда сайлау жиі өтіп тұрады әрі саяси партияларды сайлау бюллетеньдерінен таба аласыз. Ал президенттер демократиялық жолмен мандат алғанын айтады. Бірақ аймақ елдерінің көбінде ашық саяси бәсекеге мүмкіндік азайып барады.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон елді 1992 жылдан бері басқарып отыр. Ол қазір әлемдегі билікте ұзақ отырғандардың қатарында. Түркіменстанда Сердар Бердімұхамедов 2022 жылы әкесі Гурбангулы Бердімұхамедовтың орнына президент болған. Бірақ экс-президент билікке ықпалын сақтап қалды.

Қазақстанда Конституция жаңарған соң Қасым-Жомарт Тоқаев екінші мерзімге сайлауға түсуге мүмкіндік алды. Бірақ ол бірнеше жыл бұрын президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланатынын мәлімдеген еді.

Жалпы Орталық Азия елдеріндегі билік оппозициялық кандидаттардың үстінен іс қозғап, бас бостандығын шектеп, түрмеге қамап, елден қуып, оларға қысымды күшейтті. Бірақ оппозициялық партиялар жоғалса да, оппозициялық көзқарастағы адамдар әлі бар.

"Активизм толық жоғалып кеткен жоқ, тек формасын өзгертті" дейді Вашингтондағы Oxus Society for Central Asian Affairs ұйымының президенті Эдуард Лемон.

Сарапшылардың пайымдауынша, қазір Орталық Азияда саяси оппозиция дәстүрлі партия құрылымымен емес, әлеуметтік желі, наразылық, азаматтық белсенділік және шетелдегі оппозициялық қозғалыстар арқылы әрекет ете бастаған. Бірақ осы тұста "мұндай әртүрлі формат арқылы оппозиция маңызды саяси баламаға айнала ала ма?" деген сауал туындайды.

ӘРТҮРЛІ САЯСИ ЛАНШАФТ

Аймақтағы қазір саяси ахуал тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен қабыспайды. Душанбедегі университеттердің бірінің бұрынғы профессоры (қауіпсіздігі үшін атын айтпауды сұрады) Орталық Азия елдерінде тәуелсіздіктің алғашқы жылдары саяси бәсеке болғанын айтады.

"Орталық Азияның біразы елінде, әсіресе Қырғызстан, Тәжікстан, Қазақстанда белсенді оппозициялық қозғалыстар, түрлі тәуелсіз топтар және тәуелсіз БАҚ бар еді, — дейді ол. — Оппозиция сайлауда жеңбеді, президент болмады, парламентте басым орынды иеленбеді. Бірақ олардың сайлауға қатысуы саяси бәсекеге белігі бір деңгейде рең берді. Сайлауда адамдарда таңдау болды".

Бірақ кейін саяси кеңістік тез тарылып кетті.

Өзбекстанда саяси оппозиция елден кетуге мәжбүр болды. Тәжікстанда билік 2015 жылы "Исламның қайта жаңғыруы" партиясының қызметіне тыйым салып, елдегі ең ықпалды оппозициялық күшті саяси алаңнан ығыстырып тастады. Түркіменстан мен Өзбекстанда тұтас бір жас буын нағыз оппозициялық партиялардың ашық жұмысын көрмеді. Осының салдарынан жас буын саяси бәсеке деген түсініктен алыстады.

Орталық Азия елдерінің көбінде саяси жиындардың көбі биліктің бақылауымен өтеді. Ол жиындарға жастар мен студенттерді көптеп таратады.

Орталық Азиядағы саяси бәсеке бар деп саналған Қырғызстанның өзінде кейінгі жылдары саяси кеңістік тарылып барады. Сыншылар "қысым оппозициялық саясаткерлерден бастап, белсенділерге, журналистерге және блогерлерге тарағанын" айтады. Мәселен, қырғызстандық журналист Әділ Турдукулов Азаттықтың Қырғыз қызметіне "билік саяси алаңды тазартып, сыни пікір айтсаң қудаланасың деп қорқытып қойды" дейді.

Турдукулов "Қырғызстан билігі парламентте саяси оппозицияны белгілі бір мөлшерде сақтап, азаматтарда саяси жүйенің ішінде ғана қарсылық білдіруге мүмкіндік жасап қойды" деп санайды

БИЛІК НЕГЕ СЕНІП ОТЫР?

Сарапшылар Орталық Азия елдерінің биліктеріне саяси бақылауды күшейтуге бірнеше фактор әсер етті деп есептейді.

"Олар ішкі саяси тұрақтылықты ұлттық қауіпсіздіктің негізгі принципі деп санайды. Бұл аймақ геосаяси және геоэкономикадағы бәсеке қызған тұста орналасқан. Кез келген ішкі тұрақсыздық сыртқы күштердің аймаққа ықпалын арттыруға жол ашады" дейді тәуекелдерді сараптайтын Verisk Maplecroft компаниясының Шығыс Еуропа және Орталық Азия бойынша сарапшысы Марио Бикарски.

Орталық Азия елдері президенттері (солдан оңға қарай): Шавкат Мирзияев, Садыр Жапаров, Қасым-Жомарт Тоқаев, Сердар Бердімұхамедов, Эмомали Рахмон суреттерінен коллаж.

Бикарски "Қазақстан мен Өзбекстан қоғамдағы наразы көңіл-күйді бас үшін саяси бақылауды күшейте отырып, экономикалық өсім мен өмір сапасын арттыруға тырысады" деп санайды.

Бұған қоса, Орталық Азия елдерінің биліктеріне халықаралық қысым да азайған.

"Демократиялық процестерді сырттан бақылау кейінші жылдары әлсіреді, себебі Орталық Азия қажетті шикізатқа бай әрі геосаяси тұрғыда маңызды аймаққа айналды" дейді Бикарски.

ЕЛДЕН КЕТКЕНДЕРДІҢ ШЕКТЕУЛІ ӘРЕКЕТІ

Орталық Азиядағы оппозиционерлердің қысымнан құтылудың жалғыз жолы – елден қашу. Кейбірі саяси белсенділігін тоқтатпас үшін Еуропа, АҚШ, Түркияға кетті. Бірақ олар саяси белсенділігін сақтап қалумен қатар елінде қалған жұртпен байланысты үзбеуі керек.

Тәжікстанда қызметіне тыйым салынған "Исламның қайта жаңғыруы" партияының төрағасы Мухиддин Кабири жырақта жүріп елдегі ахуалға әсер ету қиын екенін айтады. Бұған қоса, Батыс елдерінен қолдау мен гранттардың болмағандығынан толық жұмыс істеуге мүмкіндік аз дейді ол.

Кабири Беларусь, Ресей, Иран және Ауғанстандағы оппозициялық қозғалыстарға қолдауды салыстыра келе "Орталық Азиядағы оппозициялық қозғалыстарда ондай мүмкіндік жоқ" дейді.

Мухиддин Кабири

Оның сөзінше, билік шеттегі оппозициямен байланысқандарды қорқытып, түрмеге қамап қорқытып тастаған.

"Осыдан соң біз елде қалған адамдармен байланысуды да шектедік. Себебі байланысқанымыз олардың өміріне қауіп төндіреді" дейді тәжік оппозициясының лидері.

Кабири оппозициялық қайраткерлерді әлеуметтік желіде қолдағандар, оппозициялық жазбаларға лайк басқандар түрмеге қамалған жағдайлар болғанын айтады.

СЫНАУДЫҢ ЖАҢА ӘДІСІ

Лемон дәстүрлі оппозициялық партиялар азайса да, саяси белсенділік қазіргі жағдайға бейімделді деп санайды.

"Дәл қазір 2019 жылғы Қазақстанда билік ауысқандағы наразылыққа не Қырғызстандағы 2020 жылғы сайлау кезіндегі наразылыққа ұқсас жағдайды көріп отырған жоқпыз" дейді ол.

2022 жылы Қазақстанда болған Қаңтар қырғыны.

Сарапшының айтуынша, мұндай қозғалыстар алда қайталануы мүмкін, бірақ қазір аймақтағы белсенділік коммуналдық қызметтер, баспана және жекеменшік мәселелеріне байланысты ұсақ наразылықтарға қарай ығысқан.

"Мұндай наразылық орталық билікке аса қауіп төндірмейді" дейді Лемон Азаттыққа.

ТҰРАҚТЫЛЫҚ ПА ӘЛДЕ ЖАСЫРЫН ҚАУІП ПЕ?

Сарапшылар "оппозицияның әлсіреуі қазіргі билікке қысқа мерзімде тұрақтылықты қамтамасыз етсе де, кейін қауіп төндіруі мүмкін" деп ескертеді.

"Оппозицияны шектеп, қоғамның белгілі бір тобын маргиналға айналдыру ішкі наразылықтың өршуіне әкеп соғады" дейді Бикарски.

Ол Қазақстанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда 2022 жылы болған наразылықты мысалға келтіріп, экономикалық әрі әлеуметтік мәселеден басталған митингілер үлкен қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін екенін айтады.

Бикарски "оппозицияның жоқтығы саяси шешім қабылдауға қауіп төндіреді, себебі үкімет қоғам тарапынан кері байланысты аз алады" дейді.

Мақаланы жазуға Азаттықтың Тәжік қызметінің тілшісі Мирзонаби Холикзод атсалысты.