Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы елде ресми тіркелген жеті саяси партияның бәрінен Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізімін тіркеді.
21 шілде күні ОСК "Ауыл" мен "Әділет" партияларынан Құрылтай сайлауына түсетін кандидаттардың партиялық тізімдерін тіркеді.
Сонымен, 23 тамызға белгіленген сайлауда Құрылтайдағы 145 орынға жеті партиядан барлығы 546 кандидат ұсынылып отыр (алфавит бойынша):
- "Ақ жол" демократиялық партиясы – 63 кандидат;
- "Ауыл" партиясы – 69 кандидат;
- "Әділет" партиясы – 186 кандидат;
- "Байтақ" жасылдар партиясы – 47 кандидат;
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия – 33 кандидат;
- Қазақстан халық партиясы – 72 кандидат;
- Respublica партиясы – 76 кандидат.
ОСК жеті партия ұсынған тізімдегі кандидаттардың Конституция мен "Сайлау туралы" конституциялық заң талаптарына сай келетінін және барлық партиялық тізімдерде әйелдер, жастар мен мүгедектігі бар азаматтар үшін міндетті 30 пайыздық квота талабы сақталғанын айтып отыр.
Құрылтай депутаттығына кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары 2026 жылғы 23 шілде күні сағат 18:01-де басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады.
22 тамыз — "тыныштық күні" кез келген үгіт-насихат жұмысына тыйым салынады.
Сондай-ақ 23 тамызда сайлау учаскелерінде дауыс беру жүріп жатқан кезде де үгіт материалдарын таратуға болмайды.