20 шілде күні Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы "Қазақстан халық партиясынан" Құрылтай депутаттығына ұсынылған кандидаттар тізімін тіркегенін хабарлады. Партия тізімінде 72 кандидат бар.
"Партиялық тізімге енгізілген барлық кандидат Конституция мен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" конституциялық заң талаптарына сәйкес келеді" деді ОСК мүшесі Әсел Жанабілова комиссия отырысында.
"Қазақстан халық партиясына" осының алдындағы парламент сайлауы кезінде сайлаушылардың 5 пайыздан астамы дауыс бергендіктен бұл жолы сайлауда партия сайлау жарнасын төлеуден босатылды.
Өткен айдың аяғында "Қазақстан халық партиясының" басшылығы ауысып, ұйымды 2022 жылдан бері басқарып келген Ермұхамет Ертісбаевтың орнына Нұрсұлтан Шоқанов сайланған.
Заң ережесі бойынша, Қазақстан аумағында кемінде 10 жыл тұрақты тұрған, 25 жасқа толған Қазақстан азаматы Құрылтай депутаты болып сайлана алады.
ОСК бұған дейін "Ақ жол"демократиялық партиясы Құрылтай депутаттығына ұсынған кандидаттар тізімін тіркеген.
Қазақстанда ресми тіркелген жеті саяси партия биыл 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция бойынша 23 тамызда өтетін алғашқы Құрылтай сайлауына қатысатынын мәлімдеп, сайлауалды бағдарламаларын қабылдап, партиялық тізімдерін Орталық сайлау комиссиясына ұсынған.