Қазақстанда 23 тамызға белгіленген Құрылтай сайлауына депутаттыққа кандидат ұсыну аяқталды. Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавкат Өтемісов сейсенбі күні хабарлағандай, елде ресми тіркелген жеті саяси партия жиынтығы 546 кандидат енгізілген партиялық тізімдерін ұсынған.
Партиялардан кандидаттар тізімін ұсыну 2 шілдеде басталып, 13 шілдеде сағат 18:00-де аяқталды. ОСК осы кандидаттардың заң талаптарына сәйкестігін тексеруге кірісті.
Орталық сайлау комиссиясының дерегінше:
- "Ақ жол" – 63 кандидат;
- "Ауыл" – 69;
- "Әділет" – 186;
- "Байтақ" – 47;
- Қазақстанның Халық партиясы – 72;
- ЖСДП – 33;
- Respublica – 76 кандидат ұсынған.
Бұлардың арасында ең көп кандидат ұсынып отырған "Әділет" партиясы биыл көктемде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын қолдайтын бір топ адамның бастамасымен құрылып, іле-шала ресми тіркелген. Алғашқы Құрылтай сайлауы өтетін күн жарияланар алдында "Әділет" партиясы кейінгі ширек ғасырда елдегі негізгі билік партиясы болып келген Amanat партиясын өзіне қосып алды.
Үкімет алғашқы Құрылтай сайлауын өткізуге резервтен 34,3 миллиард теңге бөлген.
ОСК хатшысы Шавкат Өтемісов "Сайлау туралы" конституциялық заң ережесіне сәйкес, саяси партиялар сайлау жарнасын төлеп жатқанын айтты. Бұл жарна ең төменгі жалақының 15 есесіне немесе партиялық тізімге енгізілген әр кандидат үшін 1 млн 275 мың теңгеге тең.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 19 наурызда өткен Мәжіліс сайлауында 5% немесе одан да көп дауыс алған, бұл жолы бірінші Құрылтай сайлауына қатысатын саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Өткен парламент сайлауында 3-5 пайыз аралығында дауыс алған партиялар сайлау жарнасының тек жартысын ғана төлейді, ал 1-ден 3 пайызға дейін дауыс алған партиялар белгіленген сайлау жарнасының 70 пайызын төлейді.
Өтемісов партиялық тізімді тіркеу 23 шілдеде сағат 18:00-ге дейін жалғасатынын айтты.
"Егер кез келген кандидат кез келген кезеңде, қандай да бір себептермен сайлау науқанын тоқтату туралы шешім қабылдаса, ол Орталық сайлау комиссиясына жазбаша өтініш бере алады. Бұл жағдайда Орталық сайлау комиссиясы оны партиялық тізімнен алып тастау туралы шешім қабылдайды", – деп түсіндірді ОСК өкілі.
Қазақстанда биыл 1 шілдеде күшіне енген жаңа Конституция бойынша, елде бір палаталы жоғарғы заң шығарушы билік органы – Құрылтай құрылады. Құрылтайдың 145 депутаты партиялық тізіммен ғана сайланады.
Бұған дейін Тоқаев конституциялық реформа елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген. Ол мемлекеттік билік жүйесі енді "күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін үкімет" формуласы негізінде қайта құрылатынын айтып, бұл – билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады деген.
Тәуелсіз сарапшылар болса бұл сайлау да шынайы бәсекесіз өткелі отыр, оған кандидаттар ұсынып жатқан жеті партияның "бір-бірінен айырмашылығы шамалы" деп есептейді.