Орталық сайлау комиссиясы 23 тамызда өтетін құрылтай сайлауының күнтізбелік жоспарын бекітті.
Оған сәйкес, кандидаттарды ұсыну 2 шілдеде басталып, 13 шілде сағат 18.00-де аяқталады. Партия тізімін тіркеу 23 шілде сағат 18.00-де аяқталады.
Бұдан соң үгіт-насихат кезеңі басталады. Ол 22 тамыз сағат 00.00-де аяқталады. 23 тамызда дауыс беру сағат 7-ден 20.00-ге дейін жалғасады. Бұдан кейін дауыс саналады.
ОСК жариялаған құрылтай сайлауының күнтізбелік жоспары. 1 шілде 2026 жыл.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай сайлауын 23 тамызда өткізу туралы жарлыққа бүгін, 1 шілдеде қол қойды.
Биыл 15 наурызда өткен жалпыұлттық референдумның ресми қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, бір палаталы Құрылтай құрамындағы 145 депутат партиялық тізім бойынша бес жыл мерзімге сайланады. Жасы жиырма беске толған, кейінгі он жыл бойы ел аумағында тұрақты тұрып жатқан Қазақстан азаматы Құрылтай депутаты бола алады. Құрылтайдың өкілеттігі оның бірінші сессиясы ашылған кезден басталады.
Бұған дейін Тоқаев конституциялық реформа елді "суперпрезиденттік" басқару моделінен "ықпалды парламенті бар президенттік республикаға" көшуге бағытталған деп мәлімдеген. Ол мемлекеттік билік жүйесі енді "күшті президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін үкімет" формуласы негізінде қайта құрылатынын айтып, бұл – билік тармақтарының теңгерімін күшейтіп, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырады деген.
Алайда тәуелсіз сарапшылар жаңа Конституция іс жүзінде президент билігін одан сайын күшейтіп, оның өкілеттігі бұрынғыдан да кеңейе түседі деп есептейді.
Елде 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумде қабылданып, 30 жылдан астам уақыт қолданыста болған Конституция бойынша, бұған дейін екі палатадан – мәжіліс пен сенаттан – тұратын парламент жұмыс істеп келген. Ескі парламент 30 маусымда соңғы рет палаталарының бірлескен жалпы отырысын өткізіп, өз қызметін біржола доғарды.