ОРК төрағасының орынбасары: ЕҚЫҰ сынымен келіспейміз

Орталық референдум комиссияның өкілдері. Астана, 13 наурыз 2026 жыл.

Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман ЕҚЫҰ-ның Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты референдумға дайындығы туралы есебінде айтылған сынға келіспейтінін жеткізді. 13 наурыз күнгі брифинг кезінде журналистердің сұрақтарына жауап берген ОРК өкілі осылай деді.

“Тиісті реттеу жоқ деген берген бағаларына келетін болсам, мұнымен келіспеймін. Неге? Себебі Қазақстанның тұтас сайлау жүйесі заңдылық пен конституциялық құқық принциптеріне негізделген. Қаржыландыру мәселелері бойынша ашықтық жоқ деп те айта алмайсың. Бұл мәселелерді өзіміздің отырыстарымызда ашық айтып келеміз. Құрметті журналистер көп сұрақ қойып жатыр, біз жауап беріп жатырмыз. [Жалпы] Қажеттілікті бағалау миссиясының басты мақсаты – бұл жаққа миссияны жіберу немесе жібермеу туралы шешім қабылдау. [Есептің] қорытынды бөлігінде “миссияны жіберуге болады деп санаймыз” деп жазған, оларды біз аккредитациядан өткіздік, қазір залда отыр” деді Ерман.

Ақпан айының соңында ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы (ДИАҚБ) Қазақстанда жаңа Конституцияға қатысты референдумға дайындық туралы есебін жариялаған.

ЕҚЫҰ ДИАҚБ есебіне сенсек, "референдум науқаны лайықты түрде реттелмеген". Себебі "әкімшілік ресурсты орынсыз қолдануға жол бермеу, қарсы пікірлерді таратуға теңдей кепілдік беру және науқанды қаржыландыруды реттеу механизмдері қамтамасыз етілмеген", – делінген құжатта.

Бұған қоса сарапшылармен сөйлескен адамдар "қарсы пікір айтатындарға көп қысым жасалғандықтан, адамдар өздерін цензуралап", салдарынан жаңа конституцияға қарсы үгіт жүргізу науқанын ұйымдастыруға мүмкіндік аз деген.

Бюроның Қажеттілікті бағалау миссиясы (Needs Assessment Mission) сарапшылары 17-20 ақпан аралығында Қазақстанның мемлекеттік органдарында болған және азаматтық қоғам өкілдерімен кездескен.

ДИАҚБ тұжырымы бойынша, референдумға дайындық қабылданған күнтізбе жоспарымен жүріп жатыр, бюллетеньдегі мәтін нақтыланған, сайлау комиссиясы мүшелеріне, қоғам өкілдері мен ақпарат құралдарына арнап онлайн және оффлайн тренинг бағдарламасы қабылданған. Орталық референдум комиссиясы "барлық сессиялары онлайн көрсетілетінін, медиа өкілдерінің сұрақ қоюына мүмкіндік беретін тұрақты брифингтер өткізілетінін" айтқан.

Дегенмен, бюро сарапшылары референдумға дайындыққа, сайлаушылардың жан-жақты ақпарат алып, таңдау жасауына аз уақыт берілгеніне ерекше назар аударған.

ДИАҚБ сарапшылары "уақыт аз берілгендіктен", 2026 жылғы 15 наурызда өтетін дауыс беруге референдумды бақылау миссиясын емес, шағын құрамдағы референдумды бағалау миссиясын жіберу жөнінде шешім қабылдаған.

  • Қазақстанда жаңа Конституция жобасы бойынша референдум 15 наурызда өтеді.
  • Ақорда конституциялық түзетулерді "жаңа тарихи дәуірдің талаптарына сәйкес мемлекетті қайта құру және қоғамдық сананы жаңарту" деп түсіндіреді. Конституция жобасында екі палаталы парламенттің орнына бір палаталы парламент құрылатыны, Жоғарғы соттың, Конституциялық соттың, Ұлттық банктің, ҰҚК төрағасын, Бас прокурорды президент тағайындайды.
  • Ал кейбір заңгерлер мен құқық қорғаушылар жоба президенттің билігін күшейте түседі, биліктің заң шығарушы тармағының рөлін төмендетіп, азаматтардың құқығын шектейді деп санайды.
  • Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі құрылымына енетін Дезинформацияға қарсы іс-қимыл орталығы Конституция жобасы президент билігін күшейтеді деген пікірлерді жоққа шығарып, оларды "аңыз" деп атады.
  • 16 ақпанда Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік жүйесіне және адамның негізгі құқықтарына қатер төндіреді, атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретеді және билікті президенттің қолына шоғырландырады деп мәлімдеген .