Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде қарауыл қызметін атқару кезінде сарбаз өзіне бекітілген қарудан өзіне оқ атып, алған жарақаттан көз жұмды. Бұл жөнінде құрлық әскері қолбасшылығы хабарлады. Оқиға 23 қаңтарда болған.
Сарбаз әскерге былтыр сәуірде шақырылған.
"Аталған факт бойынша ҚҚ ІІМ Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының Өскемен бөлімі қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының бақылауында. Оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді" деп жазылған құрлық әскері қолбасшылығының хабарламасында.
Құрлық әскері қолбасшылығы қолданыстағы заңнамаға сәйкес, марқұмның отбасына барлық қажетті көмек көрсетілетінін хабарлады.
Кейінгі кезде Қазақстанда қатардағы жауынгерлер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиілеп барады. Қазақстан ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін елдер қатарында. Сондай-ақ елде келісімшарт негізінде қызмет ету тетігі қарастырылған. Әскердегі қайғылы оқиғалар көбейген тұста толықтай келісімшарт үлгісін көшуге үндегендер болған. Бірақ қорғаныс министрлігі толықтай келісімшартқа өту бюджетке үлкен салмақ түсіретінін айтқан.