Өскеменнің бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 6 жылға бас бостандығынан айырылды

Жақсылық Омар. 2024 жыл.

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары, Өскемен қаласының бұрынғы әкімі Жақсылық Омар 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сот оны "алаяқтық" және "пара алу" баптары бойынша кінәлі деп танып, 6 жыл түрме жазасын берді. Бұған қоса, өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырды. Оның көлігі де тәркіленбек. Ол қауіпсіздігі орташа мекемеде жазасын өтейді.

Бұған дейін прокурор оған 6 жыл түрме жазасын сұраған. Прокурор оның өкінгенін, шығынды толтырғанын және кішкентай балаларының болуын жазаны жеңілдететін жағдай ретінде ескеруді сұраған. Ал жазаны ауырлататын жайт ретінде мемлекеттік қызметкер ретінде берген антын бұзғанын атаған.

Жұма күні соттағы "соңғы сөзінде" Жақсылық Омар өз ісіне өкінетінін айтқан. Ол соттан өзін түрмеге жібермеуді сұрады. Сотталушының сөзінен yk.kz сайты үзінді келтіреді.

"Тергеу изоляторында отырғаныма екі айдың жүзі болды. Іс-әрекеттерімді түйсінуге уақыт жеткілікті болды. Қатты өкінемін, қоғамнан сенімдеріне селкеу түсіргенім үшін кешірім сұраймын. Оны қалпына келтіру мүмкіндігі болады деп үміттенемін" деді Жақсылық Омар сотта.

Дегенмен ол ақша бопсаламағанын, істе әңгіме болып отырған ақша бюджет емес, жеке тұлғаның ақшасы екенін, тағы бір эпизод бойынша шығынды толық өтегенін атап өтті.

Жақсылық Омар Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары ("ірі көлемдегі алаяқтық"), сонымен бірге 366-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы ("ірі мөлшерде пара алу") бойынша айыпталған.

Бұған дейін сотталушы өзіне тағылған айыпты мойындағандықтан іс жеңілдетілген тәртіпте қаралғаны хабарланған еді.

Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат алғаш рет желіде 13 ақпанда пайда болған. Сол кезде жергілікті әкімдік "ақпараттан хабарсыз" екендіктерін айтып, "әкімнің орынбасары денсаулығына байланысты уақытша демалыс алды" деген.

18 ақпанда ҰҚК Жақсылық Омарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатқанын растаған.

45 жастағы Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айынан бері Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарып келеді. Оның алдында шамамен бір жыл ШҚО әкімінің кеңесшісі болған. Ал 2018-2024 жылдары Өскемен қаласын басқарды.

Әр жылдары Алматы облысы әкімінің орынбасары, ШҚО әкімінің орынбасары сияқты түрлі лауазымды қызметтер атқарды. Мәдениет және ақпарат, қаржы министрліктері, "Қазақстан" телерадиокорпорациясы, "Арна медиа" холдингісінде қызмет істеген.