"Отбасы банк" зейнетақы жинағының артығын ем-домға жарату жайлы өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты

Kazakhstan - Unified Accumulative Pension Fund" (JSC "UAPF"), enpf. Astana, 17 July 2023

"Отбасы банк" азаматтардан Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотында зейнетақы жарналарынан жинақталған қаржының артық бөлігін медициналық қызмет ақысын төлеуге жұмсау жөнінде өтініш қабылдауды 12 қаңтардың кешінен бастап уақытша тоқтатты. Банк мұндай ақпаратты ресми сайтында жариялады.

"Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды", – деп түсіндірген қаржы ұйымы.

Мұндай шешім қабылдауға былтыр желтоқсанда азаматтардан шоттағы артылған ақшаны радиохирургия қызметі ақысын төлеуге жұмсау жөнінде өтініштер күрт көбейгені себеп болған. Бір айда қазақстандықтар әлгіндей ақшаны онкологиялық ауруларды емдеуге пайдалану туралы 7 мыңнан астам өтініш берген. Ал оған дейінгі жылдары азаматтардан түскен осындай өтініштердің жалпы саны 500 болған деп жазды forbes.kz басылымы.

"Отбасы банк" бұған дейін де зейнетақы жинақтарын жаппай мақсатсыз пайдаланылуына байланысты "күмәнді жайттарды" байқаған соң стоматологиялық және пластикалық операцияларға қаржы алуды шектеген еді.

Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, стоматологиялық қызметке деп БЖЗҚ-дан 200 млрд теңге негізсіз алынғаны анықталған.

2021 жылы қазақстандықтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотында зейнетақы жинақтарының ең төменгі шекті шамасынан артылған бөлігін мерзімінен бұрын алу құқығы берілген еді. Азаматтарға ол қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға ғана емес, оған қоса медициналық қызметтер ақысын төлеуге де пайдалануға рұқсат етілген.