Өзбекстанда банк қызметкері клиенттердің $250 мың долларын иемденіп, құмар ойынға ұтқызған

GEORGIA -- Gambling Georgia Cover

Өзбекстанның Әндіжан қаласында банк қызметкері клиенттердің 3,2 миллиард сумын (шамамен 250 мың доллар) иемденіп, интернеттегі құмар ойынға ұтқызып жіберген. Бұл туралы елдің ішкі істер министрлігі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, халықаралық ақша аударымдары бөлімінің маманы клиенттердің шоттарындағы ақшаны өзінің халықаралық пластикалық картасына аударып, кейін интернетте құмар ойын ойнап, жұмсаған. Ақыры бүкіл соманы ұтқызып жіберген.

Банк қызметкері ұсталғаннан кейін құмар ойындардың кесірінен көп ақша ғана емес, отбасынан және жақындарынан да айырылғанын мойындады.

«Өте көп ақша жоғалттым. Өз кінәмді толық мойындаймын. Соның салдарынан отбасымнан, әріптестерімнен — бәрінен айырылдым. Істеген ісіме қатты өкінемін», – деді ол.

Соңғы жылдары Өзбекстанда банк қызметкерлерінің клиенттердің немесе несиеге алынған ақшаны иемденіп, құмар ойындарға ұтқызып жіберген бірнеше оқиға тіркелген.

Биыл ақпанда Ташкенттің Яшнабад ауданындағы коммерциялық банктердің бірінің филиал басшысы жеке компаниямен сөз байласып, 120 мың долларға жалған несие рәсімдеген. Кейін ақшаны жалған мөрлер мен бланкілер арқылы шетелдік онлайн-құмар ойын платформаларының шоттарына аударып, ұтқызып жіберген. Жымқыру дерегі банктің ішкі тексерісі кезінде анықталған.

Қыркүйекте Ташкенттің Сергелі ауданындағы банктердің бірінің қызметкерлері жалған құжаттар арқылы клиенттің шотынан 300 мың долларды иемденген. Ол шотта жалпы 500 мың доллар болған.

Қазан айында Ташкент облысының Шыршық қаласындағы банк бөлімшелерінің бірінің басшысы 13 азаматтың 1,3 миллиард сумнан астам (шамамен 110 мың доллар) ақшасын кассаға өткізбей, жинақ кітапшаларына жалған мәлімет енгізу арқылы жымқырған. Ақпаратқа қарағанда, ол ақшаны өз қажетіне жұмсаған.

2023 жылғы желтоқсанда Самарқандағы «Халық банкі» қызметкері 631 миллион сумды (қазіргі бағаммен шамамен 53 мың доллар) иемденіп, құмар ойындарға ұтқызып жібергені үшін жауапқа тартылды.