Өзбекстанда газ құятын станцияда жарылыс болып, алты адам қаза тапты

Жарылыс болған жердегі өрт. Tashkent_Land telegram-арнасы жариялаған фото

Өзбекстанның Қашқадария облысы Қаршы ауданында тұрмыста пайдаланылатын баллондарға сұйылтылған табиғи газ (СТГ) құятын станцияда жарылыс болды.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жарылыс пен одан кейін шыққан өрт салдарынан алты адам қаза тапқан. Оқыс оқиғадан зардап шеккен бес адам түрлі дәрежедегі жарақатымен ауруханаға жеткізілген, қазір сонда ем алып жатыр.

Жарылыс болғаны туралы суыт хабар құтқару қызметіне 8 маусым күні жергілікті уақыт бойынша сағат 13:50 кезінде түскен. Өрт сағат 14:05 кезінде ауыздықталып, тағы елу минут өткенде толық сөндірілген.

Алдын ала ақпарат бойынша, төрт автокөлік бүлінген, оның екеуі газ таситын көлік, бұған қоса жер астындағы отын сақтайтын екі резервуар зақымданған.

Өзбекстан билігі премьер-министрінің орынбасары Ачилбай Раматов басқаратын үкіметтік комиссия құрып, оған төтенше оқиғадан зардап шеккендерге көмек көрсетуді, оқиғаның салдарын жоюды, жарылыстың себебін анықтауды және осындай оқиғалардың алдын алу шараларын әзірлеуді тапсырған.