Өздігімен жүре алмайтын адам алғаш рет ғарышқа ұшты

Михаэла Бентаус

Михаэла Бентаус ғарышқа ұшқан өздігімен жүре алмайтын алғашқы адам атанды. "Неміс толқыны" сайтының жазуынша, сал ауруына ұшыраған 33 жастағы Германия азаматына бұл ғарыш туризмімен айналысуына кедергі болған жоқ.

Еуропа ғарыш агенттігінің инженері Михаэла Бентхаус америкалық Blue Origin компаниясы ұйымдастырған шағын ғарыш миссиясының құрамына кірді. Сенбі, 20 желтоқсанда ол өзге де экипаж мүшелерімен New Shepard кемесімен 11 минут ғарыш шекарасында болып қайтты.

Бентхаус 2018 жылы велосипедтен құлап, содан бері жүре алмай қалған. Қазір тек мүгедектік арбамен жүреді.

"Бұл менің өмірімдегі ең керемет тәжірибе болды. Ешқашан арманыңнан бас тартпауың керексің. Әрдайым мүмкіндік болады" деді ол Жерге қонғаннан кейін.

Михаэла Бентхаус бала кезден бастап ғарышқа қызығатынын, "Жұлдыздар соғысы" фильмінен кейін сол арманы өршігенін айтқан.

Америкалық миллиардер Джефф Безосқа тиесілі Blue Origin жеке компаниясы ұйымдастырған шағын ғарыш сапарына бірнеше жылда шамамен 80-нен астам дәулетті адам қатысқан. Билет құны жарияланған жоқ.

Қазан айында қазақстандық Дана Қарағұсова да New Shepard кемесімен шамамен 10 минут ғарыш шекарасында болып, ғарышқа ұшқан алғашқы қазақстандық әйел атанған. Кейбір БАҚ-тың жазуынша, ғарышқа ұшу үшін ол шамамен 500 мың доллар төлеген.

Кейбір сыншылар New Shepard-пен ұшуды толымды ғарышқа сапар деп атауға келмейтінін, себебі ғарыш кемесі Жер орбитасына шықпайды – тек ғарыш шекарасына (80-100 шақырым) ғана барып қайтатынын айтады.

Blue Origin-нің бәсекелесі SpaceX компаниясы Axiom Space-пен халықаралық ғарыш станциясына туристік миссияларды ұйымдастырып жүр. Шілде айында осындай төртінші миссия аяқталған. Миссияға төрт ғарыш турисі (барлығы осы компанияға қатысы бар) қатысқан. Халықаралық ғарыш станциясында туристер екі аптадан астам уақыт болып, ізінше Crew Dragon кемесінің капсуласы Калифорния жағалауына қонған.