Саяхатшылар мен турагенттіктер Түркіменстанға барғысы келетін шетел азаматтарына арналған ережелер айтарлықтай жеңілдегенін айтып отыр. Алайда жергілікті тұрғындар мұндай "еркіндік" түркімен азаматтарына қатысы жоқ дейді.
2026 жылдың басында Түркіменстанға барар кезде канадалық саяхатшы Элиз Уильямсқа туристік компания қонақүйден алыс кетпеу, көшеде суретке түсірмеу сияқты ескерту-кеңестер айтқан.
Саяхатшы барғаннан кейін шынайы жағдай айтылғаннан "басқаша" екеніне көзі жеткен.
"Менің суреттеріме қарап, [суретке түсіру қатты шектелмегенін] айқын көруге болады. Өзімді өте еркін сезіндім, көп жерде суретке түсірдім" деді ол Азат Еуропа/Азаттыққа.
Нохурдағы зират. Түркіменстанның батысындағы ауылдардың біріндегі зират. 3 сәуір 2026 жыл.
Түркіменстанға сапар ұйымдастыратын туристік агенттіктер де биліктің шетел қонақтарына қатысты ережелерді жұмсартқанын атап өтеді.
"Өзгерістерді байқағанымыз анық. Визалар бұрынғыға қарағанда жылдамырақ беріле бастады, кейінгі 12 айда ешкімнің өтініші кері қайтарылмады" деді британдық Lupine Travel туристік компаниясының басшысы Дилан Харрис.
Саяхатты ұйымдастырушылардың айтуынша, визаға өтінішті беру процесі онлайн-жүйенің арқасында жеңілдетілген. Алайда қайтарылған өтініштердің аздығы "елді ашық қылу талпынысымен байланысты сияқты" деп топшылайды.
Ашғабаттағы саябақта кітап оқып отырған ер адам, 20 наурыз 2026 жыл.
Совет билігі құлағаннан кейін Түркіменстан туристер арасында постсоветтік елдер ішіндегі қудалауы көп, ең жабық ел деген атқа ие болды. Туристер виза ала алмағандарын хабарлады, ал елге кіре алғандар суретке түсіру және қозғалысқа қатаң шектеулер қойылғанын айтқан.
Жуырдағы «жылымық кезеңіне» дейін Түркіменстанда болған, өздерін туристер деп атаған француздың түсірілім тобы жергілікті тұрғынның француз журналистерін түркімен тілінде күлімсіреп тұрып, қорлап жатқан видеосын түсіргеннен кейін елдің авторитарлық сипаты туралы теріс түсінік қоюлана түскен еді.
"Елдің қауіпсіздік қызметімен байланысты болуы мүмкін" жергілікті тұрғын бұған дейін Түркияда тұратын түркімен диссиденттің «аузын жаба алатын» кез келген адамға ақшалай сыйақы ұсынатын видео жариялаған болатын.
Түркіменстанның бұрынғы президенті Гурбангулы Бердімұхамедовке арналған алтын ескерткіш. Ашғабат, 20 наурыз 2026 жыл.
Туризмге ресми көзқарастың өзгеруі 2025 жылы электронды виза жүйесін енгізуден басталды. 2026 жылдың сәуірінде Ашғабатта «Түркіменстанның халықаралық туризм картасындағы орнын нығайтуға» арналған конференция өтті.
Осы оқиғадан кейін кейбір батыстық журналистер Түркіменстаннан "тамсанған" репортаждар жариялады. Сәуір айының басында британдық жазушы Бенджамин Рич YouTube-арнасында белгілі бір сәтте өзіне Ашғабаттағы барларды еркін аралауға мүмкіндік бергені жайлы видео жариялап, миллион қаралым жинаған.
Түркіменстандағы ауыл. 2 сәуір 2026 жыл.
Бірақ жергілікті тұрғындар Ашғабат шетел азаматтарына ғана қатынасты өзгерткенін айтады.
"Қарапайым азаматтардың өмірінде ештеңе өзгермеді" деді Лебап уәлаятының тұрғыны Азаттықтың Түркімен қызметіне.
"Түркіменстанда интернет қатаң бақыланады, барлық тәуелсіз жаңалықтар сайттары ашылмайды, ал азаматтар әлеуметтік желілерде өз пікірлерін еркін айта алмайды" деді жергілікті тұрғын. Оның аты-жөні қауіпсіздік мақсатында жарияланбайды.
2025 жылдың соңында елде еттің қымбаттағанын сынаған блогер ұшты-күйлі жоғалды. Ол жұмбақ жағдайда көз жұмған. Журналистер кейін оның қабірін тапты. Мұндай жайт елде билікті сынаушыларға қатысты репрессия күшейген шақта болды.
Ашғабаттағы мемориал, 4 сәуір 2026 жыл.
Ал жергілікті тұрғындар да, туризм саласының өкілдері де шетел азаматтарына арналған ереженің жеңілдетілуі әзірге туристер санын күрт көбейте қоймады дейді.
Ашғабат тұрғыны Азаттықтың Түркімен қызметіне шетел азаматтарын көшеде соңғы рет қашан көргенін еске түсіре алмады.
"2017 жылға дейін Ашғабат көшелерінен шетел кәсіпкерлері, инвесторлар немесе экспатты кездестіруге болатын еді. Ал қазір Түркіменстанда шетел кәсіпкерлері немесе туристерді көру іс жүзінде мүмкін емес" деді аты-жөнін айтпаған ер адам.
2017 жылы Түркіменстанда өткен Азия ойындарының талисманы. 4 сәуір 2026 жыл.
Дилан Харрис Түркіменстанға деген қызығушылық күрт артпағанмен 2023 жылы ковидтан кейін шекараны қайта ашқалы бері қонақүй брондау «тұрақты түрде жоғары деңгейде» сақталып отырғанын жеткізді.