Башқұртстанның тумасы Байрас Азаматов соғысқа дейінгі жылдары ана тілін, башқұрт тарихы мен мәдениетін насихаттауға арналған жобалармен айналысқан. Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін ол туған жерінен кетіп, бірнеше елде көшіп-қонып жүрді. Тәжікстан мен Қазақстанда аз уақыт тұрған соң, отбасымен бірге Өзбекстанға қоныстанды. Белсенді Ташкентте өзін Ресейге қарағанда әлдеқайда жайлы сезінетінін айтады. Бұған тіл мен дүниетанымның жақындығы себеп. Ол Idel.Реалии басылымына берген сұхбатында эмиграция, жаңа елдегі өмірі және өзін туған үйіндегідей сезінуі туралы әңгімеледі.
Байрас Азаматов 1998 жылы Башқұртстанның Баймақ ауданында дүниеге келген. Ауыл мектебінде оқып, соңғы сыныптарын Сибай қаласындағы гимназия-интернатта аяқтаған. 2015 жылы Уфа қаласындағы педагогикалық университеттің башқұрт филологиясы және журналистика факультетіне оқуға түскен.
Республика астанасында ол башқұрт тілін сақтап, дамытуға арналған жобаларға қызығушылық таныта бастады. Студент кезінде бірнеше грант жеңіп алған. Олардың арасында «озық ойлайтын жастарға арналған білім беру кеңістігін» құру, башқұрт тілін насихаттау және дамыту жобалары болды. Оқу кезінде «Көк Бөрі» және «Башқұрт» ұлттық жастар ұйымдарының белсенділерімен танысып, олармен Башқұртстандағы саяси оқиғаларды талқылаған.
«2017 жылы республикаларда ұлттық тілдерді міндетті түрде оқыту талабын алып тастауға байланысты оқиғалар маған және достарыма қатты әсер етті. Сол жылдың қыркүйегінде Уфада өткен башқұрт тілін қорғау митингісіне бардық. Оқытушылар студенттерге бұл шараға бармауға кеңес берді. Онда радикалдар, экстремистер, ұлтшылдар болады деп қорқытты. “Камера ұстаған ФСБ қызметкерлері жүреді” деген де әңгіме айтты. Бірақ біз бәрібір бардық», – деп еске алады Азаматов.
«Қалыпты федерализм орнатуға болады деген үміт әлі бар еді»
Ана тілін қорғау мәселесі Башқұртстанның өз егемендігінен айырылу тақырыбымен тығыз байланысты болды.
«Әрине, біз мұның бәрін көріп, ашық айтып жүрдік. Конституциядан “егемендік” деген сөздің алынып тасталғанын, “республика президенті” лауазымының жойылғанын, салық түсімдерінің барған сайын федералдық орталықтың пайдасына қайта бөлінгенін және басқа да өзгерістерді талқыладық. Бірақ сол кезде елде қандай да бір жолмен қалыпты федерализм орнатуға болады деген үмітіміз әлі бар еді», – дейді Азаматов.
Байрас Азаматов
Оның айтуынша, билікпен ынтымақтасқан жастар ұйымдарының белсенділері өз жобаларын «жұмсақ күш» арқылы жүзеге асыруға үміттенген.
«Біз көп нәрсе жасауға тырыстық. Соның ішінде башқұрт тілін қорғап, оны кеңінен насихаттадық. Митингілерден кейін ана тілдерін сақтау және дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама да қабылданды. Біз мектеп оқушылары арасында башқұрт тіліндегі алғашқы пікірсайыстарды өткіздік. “Асылташ” жобасы аясында медиамектеп аштық, түрлі білім беру және кәсіби бағдар беру сапарларын ұйымдастырдық. Мұның бәрі башқұрт тілінде өтті. Жағдай күрделі болса да, билікпен белгілі бір ымыраға келу арқылы халқымыздың тілі мен мәдениетін сақтап қалуға болады деген үмітіміз болды», – дейді белсенді.
Азаматов үшін бетбұрыс болған оқиғалардың бірі – «Башкирская содовая компаниясының» Күштауды игеру әрекеті. 2019 жылдың соңында қоғамдық белсенділер тауды игеру жоспарына қарсы акциялар өткізе бастады.
Байрас Азаматов сол кезде шенеуніктердің тауды игеруді қолдайтын жазбалар жариялау туралы ұсыныстарынан бас тартқанын айтады. Күштау мәселесінде бұл шешімді қолдамаған жастар ұйымдарының жергілікті билікпен қарым-қатынасы нашарлай бастаған.
«Біз жария түрде бейтарап ұстанымда екенімізді айттық. Мемлекеттік мекемелердің тауды игеруді қолдап сөйлеу туралы ұсыныстарынан да бас тарттық. Сол кезде билікпен бұдан былай ынтымақтаса алмайтынымызды аңғартты. Содан кейін, 2020 жылы, Күштауды игеруге қарсы жұмыстарды шартты түрде астыртын жүргізе бастадық. Тауды қорғауға арналған мақалаларды ағылшын тіліне аударып, шетел ақпарат құралдарына жібердік. Әлеуметтік желілерде мәтіндік және визуалды материалдар жариялап, блогерлерді тарттық», – дейді башқұрт белсендісі.
2020 жылғы 16 тамызда таңертең арнайы жасақ Күштауға басып кіргеннен кейін Азаматов әлеуметтік желіде «өзінің барлық өкілеттігінен бас тартатынын» мәлімдеді.
«Жасампаз істерге әрдайым көмектесуге дайынмын. Бірақ өз халқымның үстінен ешқашан сойыл көтермеймін. Мен жабайылыққа бара алмаймын», – деп жазды ол.
«Сол күні таңертең командамызбен бірге шатыр, су, қажетті киім мен аяқкиім алып, Күштауға жол тарттық. Тауды қайтарып алған сәттегі оқиғалардың дәл ортасына тап болдық. Сол жерге барып, оқиғаға қатысқаннан кейінгі әсеріміз өте күшті болды», – дейді ол.
Осы оқиғалардан кейін Байрас Азаматов Мәскеуге көшуді ұйғарды. Оның айтуынша, республика билігімен ымыраға келудің енді мүмкін еместігін түсінген. Ол Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы жанындағы мемлекеттік басқару жоғары мектебінде (ВШГУ) оқып, жұмыс істеген.
«Ол кезде әйгілі “Губернаторлар мектебі” бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан. Мен оған менеджер болып қабылдандым. Президент әкімшілігінен, жетекші сараптамалық орталықтардан, орталық телеарналардан келген танымал спикерлер көп болды. Бастапқыда бұл жұмысқа романтикалық көзқараспен қарадым. Федералдық жобаларда жұмыс істесем, кейін мемлекеттік қызметте мансап құруға көмектесетін қажетті байланыстар орнатамын деп ойладым», – дейді Азаматов.
«Билікпен ымыраға келудің барлық мүмкіндігі таусылды»
2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға қарсы кең ауқымды соғыс бастағанда, Азаматовтың айтуынша, ол билікпен ымыраға келудің барлық мүмкіндігі біржола таусылғанын түсінген.
«Соғыс басталуы мүмкін деген алаңдаушылық пен үрей 2021 жылдың күзінде-ақ пайда болды. Жаңа жыл қарсаңында әскери келісімшартпен қызмет ететін туысыммен кездесіп, одан “Украинаға шабуыл жасала ма?” деп сұрадым. Ол “Жоқ, болмайды, оқу-жаттығу өтіп жатыр” деді. Бірақ соғысқа дайындық туралы жаңалықтар толассыз шығып жатты. Мен таң атқан сайын басып кіру басталып кете ме деп, ұйықтай алмай жүрдім», – дейді белсенді.
Байрас Азаматов пен жұбайы Ресейден кетуге шешім қабылдаған.
«Кейбір достарым соғыстың екінші күні-ақ елден кетіп қалды. Ал біз эмиграцияға аз да болса дайындалуды жөн көрдік. Оның үстіне, оқудағы семестрді аяқтағым келді. Бірақ академияны толық бітіре алмадым. Дәлірек айтсам, 2024 жылы қашықтан оқуды аяқтадым, алайда Ресейге барып, дипломымды қорғай алмадым. Ол кезде менің айтқан пікірлерім үшін үстімнен қылмыстық іс қозғалуы мүмкін деген қауіп болды. Соғысқа қатысты ұстанымымды жасырған емеспін» дейді белсенді.
2022 жылы қыркүйекте Азаматов Ресейден кетті. Оның айтуынша, мобилизацияға алыну қаупі болмаған: магистратурада оқығандықтан, әскерді кейінге қалдыру мүмкіндігі болған.
Бастапқыда Азаматов пен жұбайы Түркияға көшуді жоспарлаған. Онда отбасының бірнеше танысы тұрып жатқан еді. Алайда Владимир Путин «ішінара мобилизация» жариялаған соң, жоспары өзгерді.
«Түркияға ұшатын билеттердің бағасы 150 мың рубльге дейін көтерілді. Содан ең арзан билетті алып, алдымен жалғыз өзім Тәжікстанның Душанбе қаласына ұштым. Ұшақта бір тәжік жігітімен таныстым. Ол Ресей азаматтығын жақында алған, әскерде қызмет еткен, Ресейде жұмыс істеген екен. Мені үйіне шақырды. Ол кезде Душанбеде баспана табу өте қиын еді. Жаңалықтар мен чаттарда қонақүйлердің бәрі брондалып кеткені, адамдар түнеп шығу үшін монша мен сауналарды да жалдап жатқаны жазылып жатты.
Менімен бірге тағы үш досым ұшып келген еді. Сол қонақжай жігіт бәрімізді бірнеше күнге үйіне кіргізіп, тамақтандырып, кейін Ташкентке жетуге көмектесті. Өйткені Түркияға Ташкенттен ұшатын билет алғанбыз. Қоштасарда ол “егер тәжік азаматын кездестірсеңдер, ол қиын жағдайға тап болса, сендерге мен қалай көмектессем, оған да солай көмектесіңдер”деді» деп еске алады Азаматов.
Ташкентте ол достарымен бірге совет заманында Өзбекстанға көшіп келген башқұрттарды тапқан.
«Бізді екі апта бойы бұрын Башқұртстанның Иглин ауданында тұрған бір әжей үйіне кіргізді. Кейін Түркияға ұштық. Сол жерге жұбайым келді. Пәтер тауып, бір жылға жалға алдық, тұруға рұқсат алу үшін құжаттарымызды тапсырдық. Бірақ сол кезде Ресей азаматтары жаппай рұқсат ала алмады. 2023 жылғы қаңтарда бізге де рұқсат бермегені жөнінде құжат келді.
Енді қайда баратынымызды тез шешу керек болды. Оның үстіне, қысқы киіміміз аз болғандықтан, жылы ел іздедік. Ең арзан нұсқа Египеттің Шарм-эл-Шейх қаласы болды. Біз сонда ұштық. Ол жақтан да баспана жалдап жүрген бір башқұртты кездестірдік. Соның көмегімен пәтер тауып, қаңтардан сәуірге дейін Шарм-эл-Шейхте тұрдық» дейді ол.
Бірнеше рет амалсыз көшуге мәжбүр болғаннан кейін Азаматовтар өздеріне рухани жағынан жақын елде тұрақтап қалу керек деп шешкен.
«Египетте күн жылы, теңіз де жақын болды. Бірақ бұл мені аса қызықтырмады. Башқұртстанға жақынырақ, түркі мәдениеті бар елде тұрғым келді. Сондықтан Орталық Азияны таңдадық.
Байрас Азаматов
Алдымен Қазақстанға, Астанаға көшіп, шамамен бір жыл тұрдық. 2024 жылғы ақпанда Өзбекстаннан жұмысқа шақырту алдым. Самарқанда бағдарламалау мектебі ашылып жатқан еді. Сол жерде жарты жыл жұмыс істедік. Кейін Ташкентте де осындай мектеп ашылып, мені сонда ауыстырды. Содан бері Өзбекстанда тұрып жатырмыз. Былтыр желтоқсанда осында қызымыз дүниеге келді».
«Өзімді башқұрт әрі Орталық Азияның бейресми азаматы ретінде сезінемін»
Өзбекстанда екі жарым жыл тұрған Байрас Азаматов өзбек тілін үйреніп алған. Оның айтуынша, бұл кәсіби қызметіне де көмектескен.
«Жұмыс жағынан қиын кезеңдер де болды. Кейде ақша жетпей қалатын. Көбіне фрилансер болып жұмыс істедім, HR қауымдастықтарында комьюнити-менеджер болдым. Астанада балаларға арналған білім беру орталығын ашуға қатыстым. Бағдарламалау мектептерінде жұмыс істедім. Ташкентте әріптестеріммен бірге кәсіпкерлер мен басшыларға арналған MBA бағдарламасын іске қостық. Бұл жерде РАНХиГС-те алған тәжірибем көмектесті. Жағдай тіпті қиындап кеткен кезде жасанды интеллект, soft skills және мектеп пәндері бойынша түрлі білім беру курстарын сатумен айналыстым. Қысқасы, үнемі білім беру жобаларында жұмыс істедім» дейді Азаматов.
Башқұрт белсендісі Өзбекстанда өзін «үйіндегідей» сезінетінін жасырмайды.
«Мұнда Ресейге қарағанда өзімді әлдеқайда жайлы сезінемін. Өйткені ана тілімде де, өзбек тілінде де сөйлей аламын. Тілі, мәдениеті, дүниетанымы бізге өте жақын. Адамдар әрдайым көмектесуге дайын. Мұнда өз қауымдастығымыз бар, жиі бас қосамыз. Ресейден кеткен буряттармен де тығыз араласамыз.
Негізі, Орталық Азия – біздің үйіміз. Егер бір жерде ұзақ уақытқа қалу керек болса, меніңше, дәл осы өңірде қалғым келеді. Өзімді башқұрт әрі Орталық Азияның бейресми азаматы ретінде сезінемін. Бұл аймақпен ортақ тұстарымыз біз ойлағаннан әлдеқайда көп», – дейді Азаматов.
«Халқым жойылып кетпейтін болса, автократ жүйені таңдауға да дайынмын»
Байрас Азаматов өзінің YouTube-арнасында Ресейден көшіп кеткен адамдармен сұхбаттар жариялайды. Сондай-ақ башқұрт халқының тарихы мен мәдениеті, Өзбекстандағы өмір туралы әңгімелейді.
Саяси тақырыптарға сирек пікір білдіреді.
Байрас Азаматов Өзбекстанда. Жеке мұрағаттан алынған.
«Мен өзімді болып жатқан оқиғаларды сырттай бақылап, кейде ғана пікірін білдіретін қарапайым адам ретінде сезінемін», – дейді ол.
Қазан айында саяси эмиграциядағы башқұрт белсендісі Руслан Габбасов өзінің арнасында Байрас Азаматовтың Орталық Азиядағы авторитарлық режимдер және олардың болашақта демократияға өту мүмкіндігі туралы жазбасын жариялаған.
Азаматов өз жазбасында былай деп жазады:
«Қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен халықтары қалай болғанда да өмір сүре береді. Олар тіршілік етеді, саны да өседі. Ассимиляцияға ұшырап, жойылып кетпейді. Иә, бұл өңірдегі билік жүйелері әлі де авторитарлық. Иә, мұнда да әділдікке деген сұраныс бар. Бірақ соған қарамастан, аймақ өзгеріп келеді.
(...) Егер осы мінсіз емес әлемде таңдау жасауға тура келсе, мен халқым жойылып кетпейтін, ассимиляцияға ұшырамайтын, әлемнің түкпір-түкпірінен адамдар келетін, өзімнің туған өлкемде өмір сүретін және ана тілімде еркін сөйлеп, өзімді шын мәнінде үйімдегідей сезіне алатын авторитарлық жүйені таңдауға дайын болар едім».
Байрас Азаматов қазір Башқұртстанның «бостандығы мен тәуелсіздігін» қолдайтынын айтады.
«Көпшілік сияқты мен де Ресей құрамындағы республиканың сақталғанын жақтадым. Бірақ ол үшін елде қалыпты федерализм немесе тіпті конфедерация құрылуы керек деп ойладым. Алайда Украинамен соғыс басталғаннан кейін, әсіресе Башқұртстан соғыстағы адам шығыны бойынша бірінші орынға шыққан соң, бұл туралы көбірек ойлана бастадым. Қазір республиканың бостандығы мен тәуелсіздігін қолдау ең дұрыс ұстаным екенін түсіндім. Мұның қалай және қашан жүзеге асатынын, қандай формада болатынын білмеймін. Бірақ әйтеуір бір жолмен жүзеге асуы керек», – дейді ол.