Пәкістанда сепаратистердің шабуылы кезінде 80-нен астам адам қаза болды

"Белуджистанды азат ету әскері" тобының шабуылы орнында жүрген Пәкістан әскері. Кветта, Пәкістан, 31 қаңтар 2026 жыл.

Сенбі, 31 қаңтарда Пәкістанда қауіпсіздік күштерімен қақтығыс кезінде "Белуджистанды азат ету" тобының кемінде 67 мүшесі қаза болды. Бұл жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.

Қақтығыс Белуджистан провинциясының бірнеше қаласында болған. Ақпаратқа қарағанда, қарулы топ ұйымдастырған шабуыл кезінде кемінде 11 бейбіт тұрғын мен шамамен 10 полиция қызметкері опат болған. Тағы 24 полицей жарақат алған.

Reuters-тің хабарлауынша, шабуыл Пәкістан әскері Белуджистандағы рейд кезінде аталған топтың 41 мүшесін өлтіргенін хабарлаған күннің ертесінде болған. Топ өкілдерінің айтуынша, пәкістандық күштердің 84 қызметкері өлтірілген.

Пәкістанның ішкі істер министрі Мохсин Накви шабуылды айыптап, оларға тойтарыс берген қауіпсіздік күштерін мадақтады.

  • Ауғанстан және Иранмен шекаралас Белуджистан Пәкістандағы ең ірі және ең кедей провинция саналады. "Белуджистанды азат ету әскері" аймақтың тәуелсіздігі үшін күресіп жатыр. Қарулы топ АҚШ, Ұлыбритания, ЕО-да террористік ұйым танылған.