Пекиннің Орталық Азиядағы ықпалының артуы жөнінде алаңдаушылық күшейіп тұрған тұста Астана Қытайдың облигациялар нарығына шығып, юань валютасымен қарыз алуға ниет білдірді. Осылайша Қазақстан Орталық Азия елдері ішінде Қытайдың жаңа қарыз беру құралын пайдаланған алғаш ел атанды.
"Қытай халық банкі" шетелдік компаниялардың Пекиннің ішкі қаржы нарығына шығаратын панда облигацияларын инвесторларға қолжетімді етуге уәде берген.
ҚХБ дерегіне қарағанда, биыл алғашқы жарты жылда мұндай облигациялардың шығарылуы 60 пайызға артып, 160 млрд юаньнан (23,6 млрд доллар) асқан. Шетелдіктерді қызықтырып отырғаны – Қытайдың тиімді монетарлық саясаты. Онда облигациялық қарыздың мөлшерлемесі 3 пайыздан төмен. Қарызды доллармен не еуромен алатын болса, мөлшерлеме бұдан жоғары болады.
Дамушы елдер мен стратегиялық серіктестерді осындай облигациялар шығаруға ынталандыру арқылы Пекин юаньның халықаралық рөлін күшейтіп қана қоймай, маңызды жеткізу тізбектерін де қамтамасыз етіп, дипломатиялық әрі экономикалық байланыстарын нығайтады.
Осы тұста Қазақстан да, Пекиннің тағы бір серіктесі Пәкістан сияқты, нарыққа енді. Қазақстанның ұлттық әл-ауқат қоры "Самұрық-Қазына" шығарған панда облигациялары елді бұл нарықтағы ең қатты көзге түскен жаңа қатысушылардың біріне айналдырды.
"Самұрық-Қазына" – Қазақстандағы ең ірі мемлекеттік қор. 2025 жылдың соңындағы мәлімет бойынша, оның басқаруындағы активтердің көлемі 88,6 миллиард долларды құрады.
"Біз Қытайдың ішкі нарығына алғаш рет кіріп отырмыз" деді қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов. "[Облигациялардың] шығарылуы инвесторлардың қорға, оның қаржылай тұрақтылығына сенімі зор екенін көрсетіп, Қазақстан мен Қытайдың стратегиялық әріптестігін нығайтуда маңызды қадам болды".
Сөйтіп Қазақстан қоры Қытай нарығына 3 млрд юаньға (443 млн доллар) облигация шығару туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Ирандағы соғыс экономика тұрақтылығына әсер етіп, Қазақстан жаңа қауіпсіз қаржы нарығын іздеп жатқан тұста жасалды.
Бұл бетбұрыс сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған көпвекторлы саясатпен де ұштасады.
Францияның Natixis қаржы компаниясының Азия-Тынық мұхиты өңірі бойынша бас экономисі Алисия Гарсия-Эрреро Азаттық радиосына айтқан сөзінде: "Бұл Астананың Еуразия кеңістігіндегі кеңірек ықпалдастық саясатына сай келеді. Бұл долларсыздандыру үрдісін және өзара сенімді күшейтеді. Бірақ сонымен бірге Батыс елдерінде Қазақстанның сыртқы байланыстардағы тепе-теңдікті қалай сақтайтыны жөнінде алаңдаушылық туғызады" деді.
Ирандағы соғыс жағдайында доллармен және еуромен қаржы тарту барған сайын тұрақсыз бола түскен кезде, Қытайдың ішкі нарығы бұл құбылмалылықтың көп бөлігінен аман өтіп, шетелдік үкіметтер үшін анағұрлым тұрақты балама ұсынды. Бұдан бөлек, Пекинмен жақын қарым-қатынастағы елдер үшін Қытай төмен пайыздық мөлшерлеме мен нарыққа оңай кіру мүмкіндігін береді.
Гарсия-Эррероның айтуынша, Қытаймен терең ықпалдасу "қарызды өтеу мен қайта қаржыландыруды юаньның динамикасына және Қытай саясатына тәуелді етеді. Бұл Пекинге қайта қаржыландыру шарттары, сауда байланыстары және дипломатиялық үйлестіру арқылы ықпал ету тетіктерін береді".
Ал Қытай үшін бұл үрдіс юаньның халықаралық беделін арттыруға, қосымша инвестиция тартуға және көрші елдердегі саяси ықпалын күшейтуге жол ашады.
Мұның пайдасы бір ай бұрын айқын көрінді. Мамыр айында Ресей президенті Владимир Путин Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездескеннен кейін бірнеше апта өткен соң, Мәскеу юаньмен номинацияланған мемлекеттік облигациялардың екінші шығарылымын жүзеге асырды. Бұл Ресейдің Батыс санкциялары күшейген жағдайда Қытайдың қаржы құралдарына барған сайын көбірек сүйеніп отырғанын көрсетті.
Юаньмен қарыз алу құны төмен болғанымен, кейбір сарапшылар бұл қадамның сырт көзге көріне бермейтін қосымша шығындары барын айтады.
Finance for Development Lab сарапшылары Йоан Раих пен Гуйлюй Лоудың айтуынша, қарыз алудың нақты құны көбі күткен сомадан жоғары болып шығады.
"Несиелік кепілдікті күшейтуге кететін шығындар мен валюта тәуекелдерін хеджирлеу ескерілгенде, бастапқыда тиімді болып көрінген кіріс артықшылығы айтарлықтай азаяды" дейді олар жуырдағы талдауында. "Жергілікті нарықтан ішкі валютада қарыз алумен салыстырғанда, панда облигациялары әдетте қымбатқа шығады".
Соған қарамастан, Пәкістан да Пекин бұл мүмкіндікті пайдалануға тырысып отыр.
Пәкістанның қаржы министрі Хуррам Шехзадтың кеңесшісі әлеуметтік желідегі жазбасында Исламабад алғашқы панда облигацияларын шығару арқылы 250 миллион долларға пара-пар қаражат тартқанын хабарлады.
Пәкістан үшін төмен мөлшерлемемен қаржы тарту мен Қытайдың ауқымды ішкі нарығына шығудың экономикалық пайдасына саяси тиімділік те қосылады.
Малаканд университетінің экономика профессоры Мұрад Әлидің айтуынша, Батыс нарықтарына шығу "саяси да, қаржылық та көптеген шартпен келеді. Ал Қытай – әлдеқайда икемді несие беруші".
Қазірдің өзінде қарызы көп Пәкістанның ең ірі кредиторы Қытайға тәуелділігінің күшеюі Исламабадтың экономикалық және саяси дербестігіне қатысты сұрақтарды көбейтті.
"Пәкістан экономикасының "қытайлануы" пікір алуандығы кеңістігін тарылтып жатыр деген алаңдаушылық бар" дейді Әли. Оның сөзінше, Пекиннің нарығына қатты интеграцияланған елдер "Қытай саяси идеологиясына бір табан жақындай түседі".
Исламабад пен Пекин арасындағы экономикалық ықпалдастықтың күшеюі олардың дипломатиялық мүдделерінің жақындасуымен қатар жүріп келеді.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасағаннан кейін Таяу Шығыста соғыс басталып, содан бері Қытай Пәкістан және Парсы шығанағындағы басқа серіктестері арқылы қашықтан араағайындық жасауға тырысып келеді.
Ал Исламабад өз кезегінде осы қақтығыс кезінде тұрақтандырушы дипломатиялық күш ретінде көрінуге ұмтылды.
Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И 16 шілдеде Пәкістанның бітімгерлік әрекетін жоғары бағалап, оның бейбітшілікке бағытталған күш-жігерді үйлестірудегі "алмастырылмайтын рөлін" атап өтті.