Жұма күні парламенттің бірлескен отырысында “Қазақстан Халық кеңесі туралы” заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Құжат Халық кеңесіне жоғары консультативтік орган мәртебесін бермек.
Оның сессиясы жылына кемінде бір рет өтеді. Құжатқа сәйкес, орган заң шығару және жалпыұлттық референдум өткізу бойынша бастама көтере алады.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев сөзінше, Қазақстан Халық Кеңесінің өкілетіне ішкі саясат мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу, заңнамалық бастама жасау құқығы арқылы заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастамалар көтеру, қоғамдық талқылаулар мен диалог алаңдарын ұйымдастыру, сонымен бірге қоғамдық бақылауға қатысу кіреді.
Оның құрамы этномәдени бірлестік, үкіметтік емес ұйым, азаматтық қоғам өкілдерінен (әр топтан 42 адамнан) құралмақ. Халық кеңесі мүшелері мен төрағасы 4 жыл сайын ауысып отырмақ.
"Бұл ретте Қазақстан Халық кеңесінің құрамы аталған топтардың ұсынымдарын ескере отырып, 42 мүшеден тең дәрежеде қалыптастырылатын болады. Мұндай тәсіл әртүрлі қоғамдық мүдделерді ескеруге және ортақ келісілген ұстанымды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар құрам мүшелеріне қойылатын талаптар да белгіленеді. Оның ішінде қоғамдық қызметтегі тәжірибенің болуы, сондай-ақ адалдықты қамтамасыз етуге және мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шектеулер көзделеді. Қазақстан Халық Кеңесі мүшелерінің өкілеттік мерзімін төрт жыл деп белгілеу ұсынылады. Ал кеңестің көрағасын сессияда төрт жылдық мерзімге, президенттің ұсынысы бойынша және кеңестің жалпы мүшелерінің кемінде үштен бірінің бастамасымен сайлау ұсынылады" деді әділет министрі Ерлан Сәрсембаев.
Заң жобасы авторларының айтуынша, жаңа институт мемлекеттік органдарды алмастырмайды, тек консультативтік сипатта ғана жұмыс істейді.
Қазақстанның жаңа конституциясы наурызда өткен референдумда мақұлданған. Билік оны "басқарудың суперпрезиденттік моделінен ықпалды парламенті бар президенттік жүйеге көшуді жалғастыру" деп түсіндірген. Жаңа конституция бойынша, қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы заң шығарушы орган құрылып, оның аты Құрылтай деп аталды. Сондай-ақ вице-президент институты енгізілді. Алайда вице-президент мемлекет басшысымен бірге сайланбай, оны президенттің өзі тағайындайды.
Оған сәйкес, Қазақстан Халық кеңесі дейтін жаңа құрылым Қазақстан халқы ассамблеясы және ұлттық құрылтай сияқты консультативтік органдардың орнын басады.