Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян Ереван қажет болса, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан (ҰҚШҰ) шыға алады деп мәлімдеді.
Мұндай мәлімдемені Пашинян "Мықты Армения" блогының өкілі, ресейлік кәсіпкер Самвел Карапетянның жиен інісі Нарек Карапетянмен сайлауалды дебатқа шыққан кезде айтты. Самвел Карапетянның өзі Арменияда үйқамақта отыр. Оған "билікті басып алу" бойынша айып тағылған.
Карапетян дебат кезінде Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатқанын және ұйымға жарна төлеуді доғарғанын алға тартты. Оның сөзінше, егер одақ өзінің міндеттерін атқармаса, онда одан шыққан ақылға қонымды болар. Дегенмен Карапетян мұндайға бару үшін Ереван Әзербайжанмен қарым-қатынаста қауіпсіздік бойынша сенімді кепілдікке ие болуы керектігін атап өтті.
"ҰҚШҰ-дан шығамыз. Бізді қорқытып отырсыз ба? Сіз де, сіздің ағаңыз да мұны шешпейсіздер. Шешім қабылдаймыз да шығамыз" деді Пашинян.
Ол шешімді Арменияның өзі қабылдайды деді.
"Біз шешеміз, шетел агенттері не істеу керектігін шешпейді. [Александр] Лукашенконың тағы гарант болғанына жол бермейміз" деді Пашинян.
ҰҚШҰ 1992 жылы құрылған. Қазіргі кезде оған Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан мүше.
2024 жылы Әзербайжан Қарабақты өзіне қайтарғаннан кейін Армения ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатқан. 2024 жылы мамырда Бакуға сапары кезінде Беларусьтің авторитар басшысы Александр Лукашенко Әзербайжанның Қарабақ үшін соғысын "азат ету" соғысы деп атаған. Ереван ұйымдағы әріптестерін одақ бойынша міндеттемелерін атқармады деп айыптаған.
Бұған дейін Пашинян өз партиясының сайлауалды бағдарламасына ҰҚШҰ-ға белсенді қатысудан бас тартуды енгізгенін мәлімдеген. Мұндай мәлімдеме 7 маусымдағы парламент сайлауы қарсаңында Мәскеу мен Ереван арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлаған шақта жасалды.
Ресей Армения үкіметінің Еуроодаққа қарай ұмтылысын сынап, ЕАЭО мен Еуроодақтың бірін "таңдау" керектігін айтып "қысым көрсеткен". Кейінгі апталарда Мәскеу бірқатар армян тауарларын импорттауға шектеу қойды, ал Еуроодақ Ресейдің экономикалық қысымына жауап ретінде Арменияға 50 миллион еуродан астам қаржы көлемінде көмек беретінін мәлімдеді.