Арменияда парламент сайлауындағы бюллетеньдердің жартысынан көбі саналғаннан кейін жария етілген алдын ала деректер бойынша, "Азаматтық келісім" партиясы көш бастап тұр.
Дауыс санау жалғасып, жатыр бірақ елдің Орталық сайлау комиссиясы жариялаған алдын ала деректерге сәйкес, Пашинянның партиясы алда келеді.
Армения басылымдары дауыс санау кезінде жариялаған бейресми деректер қарама-қайшы, бірақ Пашинянның партиясы озғаны айтылады.
Билеуші партияға жақын "Азаматтық жаңалықтар" платформасы дерегінше, "Азаматтық келісім" партиясын сайлаушылардың 56,7%, ал екінші орындағы "Күшті Армения" партиясын шамамен 17,5% қолдап дауыс берген.
Infocom жаңалықтар платформасы да Пашинян партиясы озғанын хабарлады, бірақ басқа көрсеткіш келтірген: "Азаматтық келісім" партиясы шамамен 70 %, ал "Күшті Армения" партиясы 17,1% дауыс жинаған.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян өзінің "Азаматтық келісім" партиясы парламент сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді. Ол енді партиясы үкіметті жалғыз өзі құратынына сенімді.
"Партиялас әріптестеріме алғыс айтамын, біз күні-түні жұмыс істедік. Бұл тарихи жеңіс. Бұл жеңіс армян халқына тиесілі", деді ол.
Армения ОСК сайлаудың түпкілікті қорытындысын бүгін жарияламақ.