Павлодар облысында әлеуметтік мәселе бойынша жалғыз адам пикетін өткізетінін жариялаған белсенді бір күннен кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Ол "есірткі қолданды" деген айыпты жоққа шығарып, өзіне кесілген жазаның саяси астары болуы мүмкін екенін мәлімдеген.
Ақсу қалалық сотының 3 сәуірдегі қаулысына сәйкес, Көктөбе ауылында тұратын 59 жастағы Ақылбек Темірғалинов "каннабиноид түріндегі затты медициналық емес мақсатта қолданды" деп танылып, Әкімшілік кодекстің 440-1-бабы 1-бөлігі бойынша 10 күнге қамалды.
Сот құжатында 2 сәуір күні таңертең полиция оның каннабиноид қолданғанын анықтағаны айтылған. Оған тағылған айып әкімшілік хаттамамен, медициналық куәландыру қорытындысымен және сотта жауап берген медицина қызметкерінің түсініктемесімен негізделген. Медицина қызметкері Темірғалинов тапсырған биологиялық үлгіден каннабиноид метаболиттері табылғанын мәлімдеген.
Соттан кейін Азаттық тілшісімен сөйлесіп үлгерген Темірғалинов, бұл ешқашан есірткі қолданбағанын айтып, бұл іс өзі пикетке шығатынын көпшілікке жариялағаннан кейін қозғалғанына назар аударды. Белсендінің сөзінше, ол Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтардың қоғамдық көлікте тегін жүру құқығын 2017 жылдан бері көтеріп келеді. Жергілікті шенеунік бұл мәселе шешілгенін жариялағаннан кейін, Темірғалинов жеңілдік барлық зардап шеккендерге емес, тек зейнеткерлерге ғана берілгенін айтып, сотқа жүгінетінін және жалғыз өзі пикет өткізетінін әлеуметтік желіде жазған.
"Келесі күні үйіме полицейлер келіп, медициналық сараптамаға алып кетті. Олар мұны менің үстімнен аноним шағым түсті түсіндірді. Бірақ мен мұны пикет туралы жазбаммен байланыстырамын", – деді ол.
Істі бақылаған құқық қорғаушы Ерлан Қалиев әлгі аноним шағым иесі кім екені сотта анықталмағанын, ал медициналық сараптама құжатында тиісті мөр болмағанын айтты. Оның сөзінше, қорғау тарапы мұны домалақ арызға сүйенген және процесстік сұрақтар туғызатын іс деп бағалайды.
Қалиевтің айтуынша, Темірғалинов ауырсынуды басатын дәрілер қабылдайтынын айтқан, бұл зертхана қорытындысына ықпал етуі мүмкін. Қорғаушы сот қаулысына апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.
Темірғалинов бұған дейін де әлеуметтік желідегі билікті сынаған жазбалары үшін әкімшілік жауапқа тартылған. 2024 жылы ол су тасқынымен күрес шараларын сынға алған жазбаларынан кейін "ұсақ бұзақылық" бабы бойынша алты күнге қамалған.
Қазақстанда жалғыз адам пикетін өткізу заң жүзінде рұқсат етілгенімен, құқық қорғаушылар елде бейбіт наразылық акцияларына әдетте жергілікті әкімдік келісім бермейтінін айтады. Билік азаматтар бейбіт жиындар туралы заңда көрсетілген тәртіппен митинг, пикет, шеру өткізу құқығын пайдалана алады дейді.