Павлодарда әскери бөлім сарбазы оқ тиіп қаза тауып, тағы бірі жараланған

Павлодар қаласында орналасқан әскери бөлімдердің бірінде төтенше оқиға болды. Алдын ала деректерге қарағанда, келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген екі әскери қызметкердің бірі оқ тиіп қаза тауып, екіншісі ауыр жараланған. Бұл туралы бейсенбі күні Pavlodarnews сайты хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, әскери қызметкер өзіне бекітілген қарудан оқ атып, салдарынан сол жерде қаза тапқан, ал екіншісі жараланған", деп жазды онлайн-басылым Қазақстан ішкі істер министрлігінен алған ақпаратқа сүйеніп.

Зардап шеккен адам шұғыл ауруханаға жеткізілген. Қазір ол Павлодар қаласындағы №1 аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты дейді.

Әлеуметтік желіде тарап жатқан бейресми ақпарат бойынша, төтенше оқиға 15 сәуір күні сағат 18:40 шамасында, №6679 әскери бөлімінің қызметкерлері сот қарауылынан автозакпен қайтып келе жатқанда болған. Ресми орындар әзірге бұл қазалы оқиғаның егжей-тегжейі жайлы басқа ақпарат жариялаған жоқ.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Павлодардағы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын хабарлаған. Тергеу барысын ІІМ әскери-тергеу департаменті және Бас әскери прокуратура бақылауына алған.

Ер азаматтарды әскери борышын өтеуге міндеттейтін Қазақстанда кейінгі жылдары әскери қызметшілер мен курсанттар арасында өлім-жітім жиіледі.

Әскери бөлімдер сарбаздар өлімін көбіне суицидпен, жеке отбасылық мәселелермен және денсаулық жағдайымен байланыстырады. Бірақ марқұм болған сарбаздардың туыстары мұнымен келіспей, балалары кісі қолынан қаза тапты деп күдіктенеді.

  • Сәуірдің басында Бас прокуратура биыл 27 қаңтарда Жамбыл облысындағы гарнизонда қаза тапқан Еркебұлан Рүстемұлының өліміне қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа жолданғанын хабарлады. Бұған дейін билік орындары сарбаз өзін қарудан атып алған деген еді.
  • 12 наурызда Атырауда далада болған әскери жаттығу кезінде әскерде азаматтық борышын өтеп жүрген сарбаз мерт болды. Әскери басшылық "ол өзін абайсызда атып алды" деп хабарлады.
  • Былтыр қыркүйекте Алматы облысы Мәтібұлақтағы әскери бөлімде 19 жастағы сарбаз көз жұмды. Құрлық әскердің баспасөз қызметі сарбаз өз-өзіне қол жұмсады деді, туыстары күмән келтірді.
  • 2024 жылғы 23 қарашада Ақтөбедегі әскери бөлімде қарауылда тұрған сарбаз оқ тиіп қаза тапты. Ресми орындар "ол суицид жасады" деп хабарлады.
  • Қорғаныс министрлігі бұған дейін Азаттыққа Қазақстанда 2024-2025 жылдары 88 әскери қызметкер қаза тапқан, оның 25-і өзіне қол салған деп хабарлаған. Суицид жасағандардың бесеуі – қатардағы жауынгер. Ресми деректе әскери қызметшілер арасындағы өлім-жітімге жол-көлік оқиғалары, әуе апаты, ауру-сырқау негізгі себеп ретінде көрсетілген.