18 қазанға қараған түні Санкт-Петербург пен Ленинград облысына жаппай дрон шабуылы жасалды. Бұл Ресейдің Украинадағы соғысы басталғалы бері ең ірі соққылардың бірі болды деп жазды ақпарат құралдары. Бірнеше нысан, арасында мұнай нысандары, қоймалар мен дата орталықтар бар, өртенді. Дрондардың бірі көпірге түсті. Бірнеше тұрғын үй бүлінді.
Петербургтің губернаторы Александр Бегловтің айтуынша, шабуылдың салдарынан бір адам қаза болды, бес адам зардап шекті. 12 тұрғын үй бүлінді.
Бірқатар ауданда электр желісі үзілді. Янинодағы екі трансформатрлық станция өшкен. Пулково әуежайының жұмысы да тоқтатылған.
Мұның алдында қала билігі "Петербург мұнай терминалы", "Ручьи" мұнай нысаны, Колпинск ауданында өнеркәсіп қоймасының өртенгенін растаған. Өрттің видеосын украиналық телеграм-арналар мен жергілікті тұрғындар жариялады.
Ozon компаниясы қоймаға соққы жасалғанын растады. Соның салдарынан қоймадан өрт шыққан.
Бұған қоса, ВКонтакте компаниясының дата орталығына да шабуыл жасалды. Ондағылар қызмет көрсету тоқтамағанын хабарлады, алайда телеграм-арнадағы хабарламаларға қарағанда қолданушылар ақау жөнінде жазып жатыр.
Дрондардың бірі қаланың оңтүстік және солтүстік бөлігін жалғайтын ақылы автожолдың бір бөлігі саналатын вантты көпірге соғылған. Шығын көлемі нақтыланып жатыр.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко 150-ге жуық дрон атып түсірілгенін хабарлады. Беглов дерек келтірмеді. Тәуелсіз дереккөз жоқ. Украина әскері әзірге түсініктеме бермеді.
Дрондар түнде Мәскеу облысына да шабуылдағаны жөнінде ақпарат бар, соның салдарынан қатарынан үш түн Мәскеу әуежайлары үзіліспен істеген.
Бұған дейін Ресей Украинаға соққыларын үдеткен, реактивті дрондармен батыс аумағына да шабуылдаған.