Мәскеудың тергеу соты кәсіпкер Илия Траберді екі айға қамады. Ол 2020 жылы қаза болған депутат Александр Петровтың қазасына қатысты іс бойынша ұсталған. Бұл жөнінде Мәскеу сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Трабермен қатар сот кәсіби боксшы Әлисұлтан Надирбековті де қамаған. Ол ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде жалдамалы кісі өлтіру және заңсыз қару-жарақпен айналысты деп айыпталып отыр. Тергеу болжамынша, Надирбеков Петровты өлтіру бойынша тапсырысты орындаған.
Траберге де сол бап бойынша айып тағылған.
Кәсіпкер, муниципалды депутат Александр Петров 2020 жылы Выборг қаласы маңындағы Великое ауылындағы үйінде өлтірілген. Оны мергеннің винтовкасынан атқан. Бұған дейін оқ атқан адам да, тапсырыс беруші де табылмағаны хабарланған еді.
Петров 20-дан астам компанияға иелік еткен. Арасында "Выборг кеме құрылыс зауыты", "Выборг отын компаниясы" да бар. Жергілікті БАҚ оны ықпалына қарап "Выборгтың иесі" деп атаған. 2016 жылы Петров журналистерден өзін солай атамауды өтінген.
Илия Трабер 1980 жылдардың аяғынан бері Ленинград пен Петербург бизнесіндегі елеулі тұлғалардың бірі. БАҚ оның қазіргі президент Владимир Путинмен 1990 жылдардан бері таныс екенін және оның туған күнге шақырылғандар қатарында болғанын жазған. Траберді сонымен бірге оның криминалдық ортамен байланысына меңзейтін Антиквар деп те атаған. Кәсіпкер оны сот арқылы терістеген.