Петербургте радио кеңсесіне кіріп алып, соғысқа қарсы ұран айтқан Қазақстан азаматына сот айыппұл салды

Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Ленин аудандық соты Ресей армиясын "қаралау" туралы әкімшілік іс бойынша жауапқа тартылған Қазақстан азаматы, 52 жастағы Нұрлан Ақынжановқа 30 мың рубль айыппұл салды. Бұл туралы Петербург қалалық соты баспасөз қызметі хабарлады. Ақынжановтың өзі сот отырысына қатыспаған.

Ақынжанов 30 қараша күні кешке "Шок" радиосының кеңсесіне баса-көктеп кіріп кеткеннен кейін оның үстінен әкімшілік хаттама толтырылған. Ол кіріп келген сәтте студияда "Вече" баспасының редакторы Глеб Стафеев сұхбат беріп жатқан. Бұл баспа Ресейдің Украинадағы соғысына қолдау білдірген өнімдер шығарғанымен белгілі. "Шок" радиосы кеңсесіндегі оқиғадан кейін Стафеев Ақынжанов оның сұхбат беретіні жөніндегі құлақтандыруды интернеттен көріп, студияға әдейі келген деп мәлімдеді.

"Ол кенет кіріп келіп, жүргізушіні салып жіберді, отырып алып, қазір бәрін жарып жіберемін деп мәлімдеді. Онысы құр сөз болып шықты, бірақ сол сәтте мен олай екенін білген жоқпын. Айтарын айтып болған соң, ол полиция қызметкерлеріне өзі берілді", – деген Стафеев.

Оның сөзінше, Ақынжанов "Владимир Путиннің саясатына қарсылық" білдіріп, "Украина – бауырлас ел" екенін және Путин "ол елмен келісімге келе алатынын" айтқан.

Нұрлан Ақынжанов Ресейге 2025 жылдың тамыз айының аяғында турист ретінде ұшып барған және Петербургте тұрған. 15 қазанда ол "Питер FM" радиостанциясы кеңсесіне "курьермін" деп кіріп кетіп, онда да соғысқа қарсы ұрандар айтқаннан кейін ұсталған. Ресейлік БАҚ оның үстінен "ұсақ бұзақылық" бабымен әкімшілік хаттама толтырылғанын жазды.