Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын Пхеньянда «шетелдегі әскери операцияда» қаза болған сарбаздардың отбасыларына арналған жаңа тұрғын үй ауданының лентасын қиды деп хабарлады Солтүстік Кореяның мемлекеттік KCNA ақпарат агенттігі 16 ақпанда.
Рәсімге Ким Чен Ынның қызы Ким Джу Е, жоғары лауазымды шенеуніктер мен партия мүшелері, қаза болған сарбаздардың отбасы мүшелері және «шетелдегі әскери операцияға қатысқан әскерилер» қатысты.
Ресейлік ТАСС ақпарат агенттігі көше «Ресейдің Курск облысындағы шайқасқа қатысқандардың құрметіне» ашылғанын хабарлады.
Азаттықтың Украин қызметі Солтүстік Корея соңғы айларда Ресейдің Украинаға қарсы соғысында қаза тапқан сарбаздарды еске алу үшін бірнеше қоғамдық рәсім өткізгенін атап өтті.
2025 жылдың күзінде Оңтүстік Корея барлау қызметі (NIS) Солтүстік Корея қыркүйек айынан бастап Ресейге «инфрақұрылымды қалпына келтіру» үшін шамамен 5 мың құрылысшыны жібергенін хабарлаған. Одан бөлек, Ресей-Украина шекарасы аумағына шамамен 10 мың солтүстіккореялық әскер орналасқаны, олар «қауіпсіздік бойынша міндеттерін» атқарып жатқаны айтылған.
Барлау деректеріне қарағанда, 2024 жылдың қазан айынан бастап Солтүстік Корея Ресейге шамамен 13 мың әскерін жіберген. Олар негізінен Украина әскері 2024 жылдың тамыз айында басып кірген Ресейдің Курск аймағындағы шайқастарға қатысты. Бірнеше солтүстіккореялықты Украина қарулы күштері тұтқындаған. Оңтүстік Корея барлау мәліметі бойынша, шайқас кезінде шамамен 6 мың солтүстіккореялық сарбаз қаза болған немесе жараланған.
АҚШ-та орналасқан Соғысты зерттеу институты (ISW) шілде айындағы есебінде Мәскеу мен Пхеньян Солтүстік Корея азаматтарының Ресей әскеріне қосылуының мысалы, еңбек көші-қоны сияқты ашық емес амалдарын қарастырып жатқанын жазған еді.
11 елді қамтитын көпжақты санкцияны бақылау тобының дерегінше, Солтүстік Корея 2023 жылдың қыркүйегінен бастап Ресейге 20 мыңнан астам контейнер оқ-дәрі жеткізген, осылайша Ресейдің Украинаға шабуылына дем берген.
2024 жылдың қарашасында жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы шартты ратификациялаған Пхеньян мен Мәскеу қару-жарақ жеткізу туралы ақпаратты терістеген. Дегенмен 2025 жылдың сәуірінде Солтүстік Корея солтүстіккореялықтар Ресейдің Курск облысында украин күштеріне қарсы шайқастарға қатысқанын растады.