2021 жылы әлем назары ауған оқиғалардан 21 фото

АҚШ-тағы президент сайлауында Джо Байден жеңіске жетті деп жарияланған соң 6 қаңтарда кандидат Дональд Трамптың жақтастары Байденнің жеңісін мойындамай, Капитолийге басып кірді. 6 қаңтар 2021 жыл. 

Африка елдерінен Еуропаға жетпек болған мигранттар мінген қайық Жерорта теңізінде испаниялық құтқарушыларды күтіп тұр. 2021 жылы мигранттар мәселесі Гондурас, Мексика, Түркия және Беларусьте жалғасты. Жерорта теңізі арқылы өтпек болған жүздеген адам қаза болды. Сурет 12 ақпанда түсірілген. 

Қазақстанда биыл билікке қарсы бейбіт наразылық көп болды. Полиция оларды көтеріп әкетті, қамады және кеттлингке алды. Суретте 28 ақпанда Алматыда өткен билікке қарсы митингіден көрініс. 
 

Ресей оппозициясының лидері Алексей Навальный мен әйелі Юлия Навальнаяны қолдаған жұрт телефондарының жарығын жағып тұр. Түрмеде отырған Навальный жұрт телефон шамын жағып наразылық білдіруге шақырған. 14 ақпан 2021 жыл.

Наурызда Мьянмада әскерилер төңкеріс жасап, билікті қолына алды. Елдің лидері Аун Сан Су Чжи сотталды. Әскерилер наразылыққа шыққан адамдарды аяусыз басып-жаншып, жүздеген адамды өлтірді.

Наурызда контейнерлер тиелген Ever Given кемесі Суэц каналына кептеліп қалып, алты күндей каналда жолды бөгеп тұрды.  Осының салдарынан көптеген жүк кемелері каналдан өте алмай біраз күн қаңтарылды.

Сәуірде Үндістанда коронавирус қатты өршіп, қайтыс болғандарды өртеп үлгермейтін жағдайға жетті. 29 сәуір, 2021 жыл.

Мамырда Еуропаның бірнеше елінде халық коронавирус шектеулеріне қарсылық білдіріп, жаппай наразылыққа шықты. Полиция оларды су шашып таратты. Суретте Бельгия астанасы Брюссельдегі наразылық. 1 мамыр, 2021 жыл.

Мамырдың басында қырғыз-тәжік шекарасында әскери қақтығыс болып, кемі 40 адам қаза тапты, 175 адам жараланды. Кейінгі жылдары екі ел арасында шекара мен жер мәселесіне байланысты қақтығыс жиіледі.

Мамырда Израиль Палестинаға шабуыл жасап, бұл шабуылға Газа секторындағы ХАМАС ұйымы жауап қайтарды. Қақтығыстан 230 адам қаза тауып, екі мыңдай адам жараланды. Жанжал он күндей жалғасып, кейін екі тарап бітімге келді.

Маусымда Ирандағы президент сайлауында Батыспен қарым-қатынаста қатаң саясат ұстануды қолдайтын 61 жастағы ультраконсерватор Ибрахим Раиси жеңіске жетті. Ол осыған дейінгі президент сайлауында Хасан Роуханиге жол беріп, екінші орын алған. 2019 жылы АҚШ Раисиге санкция салған еді. Иранда президент сайланғанымен, негізгі билік Иранның жоғары лидері аятолла Әли Хаменеидің қолында.

Шілдеде Кубада мыңдаған адам Гавана көшесіне шығып, ел басшысы Мигель Диас-Канельдің билігіне қарсылық білдірді. Олар полицейлермен қақтығысып, көліктерді төңкерді. Наразылар "диктатор биліктен кетсін", "бостандықты қалаймыз" деп ұрандатты.

Пандемияға қарамастан, тамызда Токиода жазғы олимпиада ойындары өтті. Олимпиадада көрермендер болмады.

Биыл постсоветтік елдердің көбі СССР-ден тәуелсіздік алғанының отыз жылдығын атап өтті. Суретте Бішкектегі парадтан көрініс. 31 тамыз, 2021 жыл. 
 

Тамызда "Талибан" қозғалысы (Қазақстанда террористік деп танылған) Ауғанстандағы билікті қолына алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашты. Шариғат заңына сүйенетін тәліптер билікке бақылау орнатқан соң мыңдаған адам елден кету үшін Кабул әуежайына лап берді.

Пандемияға байланысты бір жыл бойы онлайн оқыған оқушылар қыркүйекте біртіндеп мектеп партасына орала бастады. Суретте Қырғызстандағы мектептерінің бірінде отырған оқушылар. 15 қыркүйек, 2021 жыл. 

Қарашада Сирия, Ирак, Ливан сынды Таяу Шығыс елдерінен Беларуське келген мыңдаған мигрант Польша шекарасы арқылы Еуропаға өтпек болды. ЕО босқындар дағдарысына Беларусьтегі билікті қолына ұстап отырған Александр Лукашенко кінәлі деп, ресми Минскіге санкцияны күшейтті.

Киевтегі коронавирус ауруханасында баласының аузына тыныс алу маскасын тақап отырған әйел. Пандемия күллі дүниені биыл да әуреге салды. Әлемде коронавирустың бірнеше жаңа штамы шығып, халық әлі де түрлі шектеулермен өмір сүріп жатыр.

Пәкістандық жұмысшылар денге індетінің алдын алу үшін масаларды өлтіру үшін Карачи көшесінде дәрі шашып жүр. Бұл елде жыл сайын мыңдаған адам денге дертіне шалдығады. 7 желтоқсан, 2021 жыл.

Украинаның шығысында Ресей қолдаған сепаратистер мен украиналық әскерилер арасында жыл бойы оқтын-оқтын қақтығыс болып тұрды. Жыл соңына таман Ресей Украинамен шекара маңына әскер әкеліп, Мәскеу Украинаға басып кіруі мүмкін деген қауіп күшейді. Суретте – Украина сарбазы. 7 желтоқсан, 2021 жыл.

Ауғанстанның Жалалабад қаласында бурка киіп отырған әйелдер. Тәліптер Ауғанстандағы билікті қолға алған соң қаладағы сұлулық салондарын жауып, көшедегі әйел суреттерін өшіруге кірісті. 13 желтоқсан, 2021 жыл.