Politico: Кремль АҚШ-қа барлау деректері бойынша келісім ұсынды

Кирилл Дмитриев

Кремль Вашингтонға келісім ұсынды. Оған сәйкес АҚШ Украинаға Ресей туралы барлау деректерін беруді тоқтатса, Кремль Иранға Американың Таяу Шығыстағы әскері туралы барлау мәліметтерін беруді доғарады. Бұл жөнінде АҚШ-Ресей келіссөзімен таныс екі дереккөзге сүйенген Politico жазды. Басылымның хабарлауынша, Ақ үй бұл ұсынысты қабылдамаған.

Politico дереккөзінің айтуынша, Америка жағының ұсынысын өткен аптада Ресей президенті Владимир Путиннің арнайы уәкілі Кирилл Дмитриев жеткізген. Ол АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы уәкілі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнермен байланысқан.

Басылымның жазуынша, АҚШ Мәскеудің ұсынысын қабылдамағанмен мұндай фактінің өзіне Еуропадағы дипломаттар алаңдаған. Олар трансатлантикалық қатынас үшін қазіргідей маңызды шақта Кремль осылайша Еуропа мен АҚШ арасына іріткі салуға тырысып жатыр деп қауіптенеді.

Жұма күні кешке қарай Кирилл Дмитриев Politico басылымына реакция білдіріп, барлау деректері бойынша хабарлама шындыққа сәйкес келмейді деп Х желісінде жазды.

  • The Wall Street Journal басылымы жағдаймен таныс дереккөздерге сүйене отырып, бұған дейін Ресейдің Иранмен барлау ақпаратын алмасуды және әскери ынтымақтастықты кеңейтетінін, Тегеранға Американың аймақтағы күштеріне шабуыл жасауға көмектесу үшін спутник суреттері мен озық дрон технологиясын ұсынып жатқанын хабарлаған болатын. Басылымға түсініктеме берген Ресей президенті Владимир Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мұны «ақпараттық таралым» деп айыптады.
  • Наурыздың басында The Washington Post дереккөздерге сүйене отырып, Ресейдің көмегінің арқасында Иран Американың Таяу Шығысындағы радар жүйелеріне соққы жасай алды деп жазған.
  • Украина президенті Владимир Зеленский Лондонда 17 наурыз күнгі сөзінде ирандық "Шахед" дрондарында ресейлік бөлшектер пайдаланылғаны жөнінде нақты айғақтар барын айтқан.
  • АҚШ барлау қызметі Ресей Иранға Таяу Шығыс елдеріне соққы жасау кезінде пайдаланылуы мүмкін барлау деректерін берді деген ақпаратқа түсініктеме бермеді. Ал президент Дональд Трамп Ресей Иранды қолдап отырғанын дәлелдейтін дерегі жоғын атап айтқан.