11 маусымда полицияға жеткізілген блогер, "Ахуал сегодня" YouTube-арнасының авторы Азамат Омаров бөлімшеден шыққан кейін оқиғаның жай-жапсарын өзінің парақшасында баяндады.
Оның алдында блогер үйіне полиция келгенін, оны әлдекім "итерді" деп айыптағанын, полиция бөліміне баратынын жазған еді.
Блогердің айтуынша, полиция оның үстінен бір адам "итерді" деп арыз түсіргенін айтқан.
Омаровтың сөзінше, бұған дейін президент саябағына бара жатқанда велосипедті жаяу итеріп келе жатқан ер адам қарсы алдынан шыққан. Онымен қатарласа бергенде ол блогердің жағына қисайып, жолдың шетіне құлаған.
Блогердің сөзінше, ол ер адамның құлағанын көрмеген – ер адам құлап бара жатқанда оның қолы өзіне тигенін сезген. "Жедел жәрдем шақырайын ба" деп сұраған кезде әлгі ер адам керек жоғын айтқан. Бұдан соң жолдың жиегіне отырып, біреумен сөйлесе бастаған. Блогердің сөзінше, сол жерде тағы бірнеше адам болған: велосипедистен сәл алысырақ бір ер адам мен көлік мінген әйел адам. Әйел адам оларға қарама-қарсы жерге тоқтаған. Олар не болғанын сұраған кезде блогер осында баяндалған нәрсені айтқан.
"Бұл кездейсоқ жайт па әлде сценарий бойынша жазылған нәрсе ме, әзірге белгісіз" деп жазды блогер өзінің YouTube-парақшасында.
Полицейлер оған "оқиға бақылау камерасына түсірілгенін де" айтқан. Бірақ ақыры видеоны блогерге көрсете алмаған. Арызданушы адам да полицияға келмеген. Блогер қысқа түсініктеме жазғаннан кейін бөлімшеден кеткен.
Астана полициясы әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Азамат Омаров YouTube-тағы "Ахуал сегодня" арнасының авторы. 86 мыңнан астам жазылушысы бар арна елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларды әзілмен жеткізеді. "Сіздің ойыңызға келіп, бірақ айтпағаныңызды біз айтып қойдық. Саясат бізбен бірге әрдайым күлкілі" деп жазылған арнаның сипаттамасында.