Польша президенті Кароль Навроцкий Polsat News телеарнасына берген сұхбатында елдің ядролық жобаға қатысуын "қатты қолдайтынын" мәлімдеді.
Оның пікірінше, халықаралық тұрақсыздық күшейіп, қауіпсіздік саласындағы жағдай белгісіз болып отырған шақта Польша бұл бағыттағы жұмысты "барлық халықаралық нормаларды сақтай отырып" бастағаны жөн болмақ.
"Біз – қарулы қақтығыстың дәл шекарасында орналасқан мемлекетпіз. Агрессивті, империялық Ресей федерациясы Польшаға қалай қарайтыны белгілі", – деді Навроцкий.
Польшада ядролық бағдарлама пайда болса, оған Мәскеудің реакциясы қандай болуы мүмкін деген сұраққа президент Навроцкий "Ресей кез келген нәрсеге агрессивті реакция білдіруі мүмкін" деп жауап қатқан.
- 2025 жылдың көктемінде Польшаның сол кездегі президенті Анджей Дуда АҚШ-ты Ресей тарапынан төнуі мүмкін қауіптің алдын алу үшін ядролық оқтұмсықтарды Польша аумағына орналастыруға шақырған еді. Былтыр Польша Франциямен келісімге қол қойды. Премьер-министр Дональд Туск бұл келісім Польшаны Францияның ядролық зымырандардан қорғану жүйесінің қанаты астына алуға жол ашатынын айтқан.
- 2025 жылғы 10 қыркүйекте Ресей күштері Украина аумағындағы нысандарға түнгі шабуыл жасаған кезде Польшаның әуе кеңістігіне 19 ресейлік дрон кірген. Польша қарулы күштерінің жедел басшылығы мұны "азаматтардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төндірген агрессия актісі" деп бағалады. Келесі күні Польша НАТО-дан қосымша әуе қорғанысы жүйелері мен дронға қарсы технологиялар беруді сұрап қолқа салған.