Президент Бауыржан Момышұлына “Халық қаһарманы” атағын беру туралы жарлыққа қол қойды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бауыржан Момышұлына “Халық қаһарманы” атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

“Халқымыз оны қаһарман тұлға ретінде құрмет тұтады. Бірақ әйгілі батырға ресми түрде «Халық қаһарманы» атағы берілмеген. Облыс жұртшылығы, зиялы қауым өкілдері, тіпті, жастарымыз да осы мәселені көтеріп жүргенін білеміз. Тарихи әділдікті қалпына келтіруіміз керек” деді Тоқаев.

25 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің оңтүстігіндегі Жамбыл облысына сапарлаған. Аймақ жұртшылығымен кездесу кезінде Тоқаев Таразда жаңадан ашылған әскери мектеп-интернатқа Бауыржан Момышұлының есімін беруді де ұсынған. Айтуынша, бұл – оңтүстік аймақтарда ашылған осындай алғашқы оқу орны.

24 желтоқсанда қолбасшы, Совет одағының батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының туған күні. Елде даңқты қолбасшының туғанына 115 жыл толы атап өтіліп жатыр.

“Халық қаһарманы” атағы Қазақстандағы «Алтын Қыран» ордені және «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен бірге жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі. Мұндай атақ Қазақстанға сiңiрген аса үздiк еңбегi, оның бостандығы мен тәуелсiздiгi жолындағы жауынгерлiк ерлiктерi үшiн берiледi. "Халық қаhарманы" атағына ие болған адамдарға айрықша ерекшелiк белгiсi - Алтын жұлдыз және "Отан ордені" тапсырылады.

Қазақстанда мұндай атақ 30-дан астам адамға берілген. Арасында генерал Сағадат Нұрмағамбетов, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, ғарышкер Талғат Мұсабаев, бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаев та бар.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Ақорда таратқан марапат: еңбекті бағалау ма, баяғы тәсіл ме?Мұстафа Шоқайдың КГБ ойлап тапқан "екі қызы". Советтік сүргін тәсілі ме?Белсенділер 10 адамға "қаһарман" және "батыр" атағын берді"Тоқтар Әубәкіров биліктің жақсылығын да, жамандығын да көрді"Президенттіктен кеткен Назарбаевтың атағы көбейдіНұрсұлтан Назарбаев «Халық қаһарманы» атағын алды ма?