Өзбекстанда президент пен президент әкімшілігінің қол сұғылмаушылығы туралы заңға қол қойылды

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен басқа да мемлекеттік орган өкілдерінің қол сұғылмаушылығы мен иммунитетіне қатысты кепілдікті бұзғандарға қылмыстық жауапкершілік белгілейтін заңға қол қойды. Құжат 15 қазанда күшіне енді.

Түзетулер бес заңнамалық акті, оның ішінде Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер, Әкімшілік жауапкершілік туралы кодекс және «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға енгізілді.

Заңға сәйкес, Өзбекстан президентіне, президент әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне — жұбайларына, соның ішінде бұрынғы жұбайларына да, балалары мен ата-аналарына өмірлік қол сұғылмаушылық кепілдігі беріледі. Ал президент әкімшілігінің басшылық қызметтегі қызметкерлеріне бұл иммунитет жұмыстан кеткеннен кейін тағы бес жыл сақталады.

Қол сұғылмаушылық кепілдігі депутаттарға, судьяларға, омбудсмендерге, Орталық сайлау комиссиясының мүшелеріне, президенттікке кандидаттарға, прокурорларға, тергеушілерге, мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ұлттық гвардия қызметкерлеріне, сыбайлас жемқорлыққа қарсы құрылымдардың өкілдері мен адвокаттарға да беріледі.

Қылмыстық кодекске қол сұғылмаушылық пен иммунитет кепілдіктерін бұзғандарға жауапкершілік белгілейтін жаңа бап енгізілді. Ол қорғалатын тұлғаларды ұстаған, мәжбүрлеп жеткізген, оларға қатысты жедел-іздестіру және тергеу әрекеттерін жүргізген, сонымен бірге осындай әрекеттерді жасауға бұйрық бергендерге жаза қарастырады.

Мұндай заң бұзғандарға үш жылдан бес жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Егер құқық бұзушылық қайталанса, алдын ала сөз байласқан адамдар тобы жасаса, күш қолданылса, дәлелдер қолдан жасалса, заңсыз қамауға алу немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту орын алса, бас бостандығынан айыру мерзімі 5 жылдан 8 жылға дейін ұлғаяды.

Заң қорғалатын тұлғаларды жауапкершілікке тартудың ерекше тәртібін белгілейді. Мысалы, депутатты жауапкершілікке тарту үшін – парламенттің тиісті палатасының, судьяға қатысты – тиісті сот органының келісімі қажет. Ал президент әкімшілігінің басшылық қызметтегі қызметкерлерін жауапкершілікке тарту үшін президенттің жазбаша келісімі талап етіледі.

Президент әкімшілігінің лауазымды тұлғаларына қатысты мемлекет басшысының жазбаша келісімінсіз жедел-іздестіру шараларын жүргізуге тыйым салынады. Ал олардың отбасы мүшелеріне қатысты мұндай келісімді президент әкімшілігінің өзі беруі керек.

Заң қорғалатын тұлғаларды ұстау, қамауға алу, тінту, телефон арқылы сөйлесулерін тыңдау және құжаттарын алу тәртібін де реттейді. Оларды тек заңда көзделген негіздер бойынша және үш сағатқа дейін ғана ұстауға болады. Қамауға алу немесе үйқамаққа жіберу, сондай-ақ бірқатар тергеу әрекеттерін жүргізу үшін уәкілетті органның келісімі қажет.

Қол сұғылмаушылық талаптарын бұза отырып қабылданған шешімдер мен жасалған әрекеттер заңсыз деп танылады және күші жойылуға тиіс. Ал осы талаптарды бұзу арқылы алынған дәлелдер жарамсыз деп есептеліп, айып тағу үшін пайдаланылмайды.

Заңға сәйкес, президент әкімшілігінің лауазымды тұлғалары мен басқарушы қызметкерлері өз міндеттерін атқару кезінде қабылдаған шешімдері немесе жасаған әрекеттері салдарынан келген зиян мемлекеттік бюджет есебінен өтеледі. Бұл ретте мемлекет төленген қаражатты сол шенеуніктің өзінен қайтарып алуды талап ете алмайды.

Жаңа заң Өзбекстан президенті әкімшілігінің өкілеті кеңейіп жатқан кезеңде қабылданды. 2025 жылғы маусымнан бері бұл құрылымды Мирзияевтің үлкен қызы Саида басқарып келеді. 2026 жылғы тамызда Шавкат Мирзияев президент әкімшілігінің мәртебесі мен функцияларын айқындайтын, сондай-ақ оның қызметкерлері мен отбасы мүшелеріне ерекше қол сұғылмаушылық кепілдіктерін бекітетін заңға қол қойған болатын.