Прокуратура "Қазақ энциклопедиясын" мемлекетке қайтарғанын хабарлады

“Қазақ энциклопедиясы” ЖШС шығарған кітаптар. Көрнекі сурет.

Алматы қаласының прокуратурасы құны 1,3 млрд теңге болатын “Қазақ энциклопедиясы” компаниясын мемлекетке қайтарғанын хабарлады.

Тергеу болжамынша, 2015 жылы “Қазақ энциклопедиясын” жеке заңды тұлға заңсыз жекешелендіріп алған. Мәселе компания ғана емес, Алматының Әуезов ауданында орналасқан 2108,3 м2 жер учаскесі бар ғимарат жөнінде де болып отыр.

Ведомство мәліметінше, компания бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлыға тиесілі компанияның меншігінде болған. Енді компания сот арқылы мемлекетке қайтарылып отыр.

2023 жылы Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлттық музейдің директоры болып тұрған тұста "бюджеттен бөлінген 221 млн теңгені жымқырды" деген айыппен 8 жылға сотталған еді.

2024 жылы ақпанда Мұхамедиұлы "аса ірі көлемде пара беруге оқталғаны үшін" кінәлі деп танылып, оның жаза мерзіміне тағы үш жыл қосылып, түпкілікті 11 жылға бостандығынан айырылған.

Кейін Қылмыстық кодекстің "Өкілетін асыра пайдалану", "Рейдерлік" баптары негізінде кінәлі деп танылған. Экс-министрге "Дипломат" қонақүйін рейдерлікпен тартып алған және "Алтын адамның әлем мұражайларына шеруі" атты халықаралық көрме жобасына бөлінген бюджет қаржысын жымқырған деген айып тағылған еді. Үш үкімдегі жаза мерзімінің жиынтығы 11 жыл болды. Мұхамедиұлы өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

Арыстанбек Мұхамедиұлы елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған тұста, 2014-2019 жылдары мәдениет және спорт министрі болды. Оған дейін Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясын басқарды.