Прокурордың өтінішімен эколог Лаура Мәлікованың жазасы тағы 5 күнге ұзартылды. Бұған дейін Азаттық эколог Лаура Мәлікованың "биліктегі ақымақтар..." деген сөзі үшін қамау мерзіміне тағы 5 тәулік қосылғанын хабарлаған еді.
12 қараша күнгі сот шешімін прокурор даулап, апелляцияға берген. 13 қарашада сот Астана қаласы прокурорының орынбасары Болат Мизанбаевтың өтінішін мақұлдап, Мәлікованың "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша жазасын 5 тәулік емес, 10 тәулік қылды. Бұл жөнінде адвокат Мейіржан Досқараев хабарлады.
Сот қаулысында Лаура Мәлікованың "шақыру тапсырған Астана қалалық полиция департаментінің қызметкеріне жария түрде намысына тиетін сөз айтқаны" жазылған. Қорғау жағы айыппен келіспеді.
"Енді нақты біреуге арнап айтқан жоқ. Бұзақылық деген негізі былапыт сөз айту немесе біреуге заңсыз тиісу, құрметтемей қатты сөз айту ғой. Енді әдеби тіркес дейді ғой. Бұл жерде былапыт сөз жоқ деп ойлаймын. Сондықтан Лаура Мәлікованың мүддесін қорғау үшін апелляцияға жүгінеміз" деді адвокат.
3 қарашада Лаура Мәлікова “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 10 тәулікке қамалған еді. Оған желідегі жазбасы түрткі болған.
2 қарашада Лаура Мәлікова әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, мемлекеттің әлеуметтік саясатындағы реформалар мен экологиялық проблемалар туралы сөз қозғаған. Ол сондай-ақ Маңғыстау және Атырау тұрғындарына банктердегі депозиттерін қайтарып алуға және митингіге шығуға құқылы екенін түсіндірген.
"Сіздердің бұған құқықтарыңыз бар, біздің де бұған құқығымыз бар, бәріміздің де құқығымыз бар. Мен де табысы мен мүлік жағдайына қарай адамдарды осылай әлеуметтік санаттарға бөлуге қарсы шығатынымыз туралы әкімдікке хабарлама жіберемін" деген ол бейнежазбада.
Сол жазбасында эколог дәл сол күні полиция қызметкерлері өзін куәгер ретінде жауап алуға шақырту жібергенін, алайда олардың өздері істің мән-жайын білмегенін айтқан. Адвокат Досқараевтың сөзінше, іс жүзінде полиция тәуелсіз экологтан ешқандай жауап алмаған, ал Мәлікова шақырту бойынша барған кезде оның үстінен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған.
Бұған дейін Астана қалалық полиция департаменті Азаттыққа жіберген жазбаша жауабында эколог Лаура Мәліковаға қатысты "көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын да хабарлаған. Полиция тергеу құпиялығына байланысты басқа мәлімет айтылмайтынын жеткізді.