Путин елден кеткен ресейліктердің құқығын шектейтін заңға қол қойды

Ресей президенті Владимир Путин

Ресей президенті Владимир Путин елден кеткен және саяси астары бар баптар бойынша сырттай сотталған я әкімшілік жауапқа тартылған ресейліктердің құқығын шектейтін заң жобасына қол қойды. Құжат 4 тамыздан бастап күшіне енді.

Ресей мемлекеттік думасы бұл заң жобасын 2025 жылдың желтоқсан айынан бері қарап, төменгі палата депутаттары соңғы жұмыс күндері, 22 шілдеде бірден екі оқылымда қабылдаған еді.

Жаңа заңға сәйкес, қылмыстық немесе әкімшілік жауапқа тартылып, жазаны өтеуден жалтарып жүр деп танылған және Ресейден кеткен азаматтардың шетелдік паспорт алу, "Мемлекеттік қызметтер" порталын пайдалану, Ресей аумағындағы қаржысы мен мүлкіне иелік ету құқығы шектеледі.

Бұған қоса олар шетелде ұсталған жағдайда Ресейдің дипломатиялық өкілдіктерінен құқықтық қолдау ала алмайды, консулдық және нотариат қызметтерінің басым бөлігін пайдалану мүмкіндігінен айырылады. Айыпталушылардың банк шоттары мен мүлкі бұғатталып, барлық табысы арнайы шоттарға аударылады.

Заңда қарастырылған мұндай шектеулер екі жағдайда ғана: азаматтың тірі екенін растағанда және көру қабілетінен айырылған адамның қолтаңбасын куәландырғанда қолданылмауы мүмкін.

Құжатқа сәйкес, Ресей армиясының "беделіне нұқсан келтіргені", Ресейге қарсы санкция салуға шақырғаны, елдің аумақ тұтастығын бұзуға бағытталған іс-әрекет жасағаны үшін, сондай-ақ "шетел агенттері" мен "қалаусыз ұйымдар" туралы баптар бойынша айыпталған азаматтарға да осы шектеулер қолданылады.

Заңгерлер мен құқық қорғаушылар бұл құжатты "іс жүзінде азаматтықтан айыратын заң" деп атады.