Ресей президенті Владимир Путин 7 сәуірде қол қойған жарлыққа сәйкес, Ресейде тыйым салынған ұйымдармен байланысты ресурстарда жарнама орналастыруды шектейтін заң өзгертулері күшіне енді. Оның мәтіні нормативтік актілер порталында жарияланды деп хабарлады Азаттықтың Орыс қызметі.
Бұған дейін Ресей мемлекеттік думасы мақұлдаған заң жобасына сәйкес, биылғы 1 қыркүйектен бастап Ресейде қызметіне тыйым салынған ұйымдармен, яғни экстремистік, террористік немесе "қалаусыз" деп танылған ұйымдармен байланысты ресурстарға жарнама беруге тыйым салынады. Бұл тыйым сонымен қатар қазіргі кезде Ресей аумағында еркін ашылмайтын, шектеуге ұшыраған интернет-ресурстарға да қатысты.
Мысалы, Facebook және Instagram әлеуметтік желілерінде жарнама жариялауға да шектеу қойылады. Бұл әлеуметтік желілердің иесі Meta корпорациясы Ресейде 2022 жылдың наурыз айында экстремистік ұйым деп танылған. Себебі, Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін осы желіде қолданушылар Ресей әскери қызметкерлеріне қоқан-лоқы жасап, оларға қарсы зорлық-зомбылыққа шақырған деп негіздеген тыйым салу туралы өз шешімін Ресей билігі. Сондықтан Ресейде Facebook пен Instagram желілеріне тыйым салынып, бұғатталған. Бұлардан басқа да кейбір әлеуметтік желілер бұғатталды, бірақ олардың иелері экстремистік деп танылған жоқ.
Ресейлік блогерлер әсіресе Instagram әлеуметтік желісінде, билік тыйым салғаннан кейін де жарнамалық постыларды жиі жариялап жүр.
Ресей билігі интернетте жарнама жариялау ережелерін барған сайын қатаңдатып келеді. Жақында күшіне енген блогерлер реестрі туралы заң бойынша, 10 мыңнан астам қолданушы жазылған және реестрде тіркелмеген пабликтер мен Telegram-арналарда жарнама жариялауға тыйым салынған.