Путин мамырда мемлекеттік сапармен Қазақстанға барады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысы Владимир Путинмен телефонмен сөйлесті. Бұл жөнінде Ақорда хабарлады.

Әңгіме барысында Путин Тоқаевты жаңа Конституциясын қабылдау бойынша жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен құттықтаған.

Екі басшы "өзара қарым-қатынастың күн тәртібін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президентінің мамыр айының соңында Қазақстанға жоспарлаған мемлекеттік сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық байланыстарды нығайту тұрғысынан айрықша мәнге ие екенін атап өтті" деп жазылған ресми хабарламада.

Ақорданың жазуынша, Путин Астанада өтетін алдағы келіссөздерге берілген мұндай бағамен келісетінін жеткізіп, екіжақты ынтымақтастық барлық стратегиялық салада қарқын алғанына назар аударған.

Кремль де осы телефон әңгіме туралы шағын хабарлама жариялады.

"Алдағы байланыстар кестесі, оның ішінде Қазақстанның Еуразия экономика одағына қазіргі төрағалығын ескере отырып, талқыланды" деп жазылған Кремльдің хабарламасында.

Ресей басшысы соңғы рет Қазақстанға 2024 жылы қарашада барған.

Еуразия экономика одағы – мүше мемлекеттердің экономикалық интеграциясын көздейтін халықаралық ұйым. Одаққа Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей мүше.