Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков сейсенбі, 8 қыркүйекте Владимир Путиннің АҚШ басшысы Дональд Трамппен телефонмен сөйлескенін хабарлады.
Ушаковтың айтуынша, телефон әңгіме бір сағатқа созылған және "жақсы" өткен.
"[Екі президент] Басшыларға тән өзара құрмет пен іскерлік қарым-қатынаста АҚШ президентінің елшісі Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің 5-6 қыркүйекте Мәскеу мен Киевке жасаған сапарларының нәтижесі бойынша пікір алмасты" деді Путиннің көмекшісі.
Америкалық келіссөз жүргізушілердің сапары оң бағаланды; Ресей президенті АҚШ-тың Украинадағы әскери қимылды тез арада тоқтату үшін жасай алатын қадамдарын атап өтті деді Ушаков.
DPA агенттігінің жазуынша, өткен аптаның соңында америкалық делегацияның қатысуымен өткен, 4,5 жылға созылған және Екінші дүниежүзілік соғыстан бергі Еуропадағы ең қанды қақтығысқа айналған соғысты тоқтату бойынша келіссөз қандай да бір нәтиже бере алмады.
Ушаковтың сөзінше, Путин телефон әңгіме кезінде майдандағы жағдайға баға беріп, Ресейдің Еуропаға қатысты ешқандай "қастық жоспары" жоғын жеткізген. Екі басшы "қажет болған жағдайда бір-бірімен байланыста болып, жедел қоңырау шалуға" келіскен.
Ресей президенті "орыс әскері майданның барлық жағында алға жылжып келеді, Донбасс аумағын басып алу тек уақыттың еншісінде" деп үнемі айтып келеді. Киев Донбасты беру туралы талаппен келіспейді.
Юрий Ушаков Ресей билігі Америка жағымен келіссөз кезінде "арнайы әскери операцияның (Мәскеу Ресейдің Украинаға толыққанды басқыншылығын осылай деп атайды) мақсат-міндеттеріне қол жеткізуге" күш салуды көздейтінін білдірткен.
Ушаковтың сөзінше, АҚШ президенті Украинадағы соғысты тезірек аяқтау қажеттігін айтқан. Путиннің көмекшісінің сөзіне қарағанда, Ақ үй басшысы бейбітшілік келіссөзі нәтижелі аяқталған жағдайда Вашингтон мен Мәскеу қарым-қатынасты толық қалпына келтіруге мүдделі екенін айтқан.
"Оның пікірінше, бұл екі ел үшін де орасан зор пайда әкелетін сауда-экономикалық байланыстарға ерекше әсер етеді. Дональд Трамп өзінің президенттігі кезінде үлкен жетістікке жетуге мүдделі" деді Ушаков Трамп туралы.
- АҚШ президентінің уәкілі Стив Уиткофф Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнермен бірге 5-6 қыркүйекте Мәскеу мен Киевке сапарлағаннан кейін бейбітшілік бойынша келіссөзде "елеулі ілгерілеушілік" барын айтқан. Уиткоффтың сөзінше, тараптар қосымша үшжақты кездесудің кестесін анықтаған. Уиткофф келіссөзге қатысты басқа ештеңе айтпады.
- Ақпарат құралдары келіссөздің мазмұнына қатысты түрлі болжам жасаған, алайда ресми түрде ол жөнінде ештеңе айтылған жоқ. Джаред Кушнер 6 қыркүйекте берген сұхбатында президент Трамп оған және Уиткоффқа "бейбіт келіссөз пакетін" әзірлеуді тапсырғанын айтты.
- Украина басшысы Владимир Зеленский журналистерге осы аптада АҚШ басшысы Дональд Трамппен 20 қыркүйекте кездесетінін мәлімдеді. Ресеймен соғысты тоқтату туралы келіссөз жөнінде Зеленский тараптар "үшжақты келіссөз өткізу" бағытына қарай жылжып бара жатыр деді. Ол келіссөздің егжей-тегжейін айта алмайтынын, себебі АҚШ-пен әуелі ұсыныстарды әзірлеп алып, ол жөнінде содан кейін қоғамға айтуға келіскенін жеткізді.