Ресей президенті Владимир Путин Ресей қарулы күштерінің құрамында келісімшарт бойынша соғысқа қатысқан немесе қатысып жатқан шетел азаматтарын депортациялауға тыйым салатын заңға қол қойды.
Құжат құқықтық актілер порталында жарияланды.
Құжат Ресей қарулы күштері мен өзге де әскери құрылымдарда әскери қимылға қатысқан немесе қатысып жатқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ тұлғаларға қатысты.
Жаңа нормаға сәйкес, мұндай тұлғаларды депортациялауға болмайды. Бұған қоса, олардың уақытша тұру, ықтиярхат немесе жұмыс істеуге рұқсат қағазын алу сияқты өтініштері міндетті түрде орындалуы керек. Бұған дейін алынған құжаттары жарамсыз танылмайды.
Бұған қоса, заң Ресей қарулы күштерінде келісімшарт бойынша қызмет еткен шетел азаматтарына қатысты 2022 жылдың 24 ақпанынан кейін шыққан депортациялау туралы шешім, уақытша болу мерзімін қысқарту, сонымен бірге көші-қон құжаттарын беруден бас тарту немесе күшін жою туралы шешімдердің күшін жояды.
- Наурыз айының басында мемлекеттік дума Ресей әскерінде келісімшарт бойынша қызмет еткен немесе Ресей қарулы үштерімен бірге ұрыс қимылдарына қатысқан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларды депортациялауға тыйым салатын заң қабылдаған. Заңға сәйкес, әкімшілік құқық бұзушылық депортациялауды қарастырса да, мұндай жаза түрі айыппұл немесе 100- 200 сағаттық қоғамдық жұмыспен алмастырылуы мүмкін.
- Украинаның мемлекеттік «Хочу жить» жобасына сәйкес, соғыс басталғалы бері Орталық Азияның шамамен 13 000 азаматы Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған. Одан бөлек, Орталық Азиядан барған 80 000 адам Ресейде әскери тіркеуге алынған.
- Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстанда кейінгі үш жылда Украинадағы соғысқа қатысқан ондаған адамға сот үкімі шыққан, бірақ олар салыстырмалы түрде жеңіл жаза – 3-5 жыл аралығында түрме жазасын алды. Тәжікстан шетелдегі соғысқа қатысқандарды қылмыстық жауапкершілікке тартпайды. Түркіменстан бойынша ақпарат жоқ.