Путин Украинамен соғыста "Пасха бітімін" жариялады

Украина президенті Владимир Зеленский (сол жақта) мен Ресей президенті Владимир Путин суреттерінен коллаж

Ресей президенті Владимир Путин Украинадағы бүкіл майдан шебінде 11 сәуір күнгі сағат 16:00-ден 12 сәуір аяқталғанға "пасха бітімін" жариялады. Кремльдің мәлімдеуінше, Ресейдің қорғаныс министрі Андрей Белоусовқа осы мерзімде ұрыс қимылдарын тоқтату тапсырылған. Мәскеу "Украина тарабы да осылай жасайды деп күтетінін" айтқан.

Майдандағы бұл уақытша бітім православ дініндегі Пасха мерекесіне орай жарияланып отыр.

Путиннің мәлімдемесіне байланысты 9 сәуір кешке жариялаған пікірінде Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Пасхаға орай атысты тоқтату бастамасын Киев ұсынғанын айтты.

"Біз биыл Пасха мерекесі кезінде атысты тоқтатуды ұсындық және соған сәйкес әрекет етеміз. Адамдарға қауіп-қатерсіз Пасха және бейбітшілікке нақты қадам қажет, әрі Ресейдің Пасхадан кейін де шабуылдарды қайта бастамауына мүмкіндік бар", деді Зеленский.

Путин былтыр да Пасха мерекесі кезінде осыған ұқсас уақытша бітім жариялаған. Сол кезде Ресей қорғаныс министрлігі Украина тарапы бітім шартын сақтайтын болса атысты тоқтатамыз деген. Зеленский егер Ресей майданда атысты толық тоқтататын болса, Украина да дәл солай істеуге әзір деп жауап берген. Алайда кейін екі тарап бір-бірін "бітімді бұзды" деп айыптады.

2023 жылғы қаңтарда Путин Ресейдің сол кездегі қорғаныс министрі Сергей Шойгуге православ Рождество мерекесіне орай Украина күштерімен арадағы бүкіл сызық бойында атысты тоқтатуды тапсырған. Алайда ол кезде майданда іс жүзінде шайқастар тоқтаған жоқ.