Путинге қарсы шыққан мұғалім туралы деректі фильм "Оскар" сыйлығын алды

Ресейлік мұғалім Павел Таланкин өзі түсірген "Путинге қарсы шыққан беймәлім адам" (Mr. Nobody Against Putin) деректі фильмі жеңіп алған "Оскар" сыйлығын ұстап тұр. Лос-Анжелес, АҚШ, 15 наурыз, 2026 жыл.

Режиссер Дэвид Боренштейн мен педагог Павел Таланкин түсірген "Путинге қарсы шыққан беймәлім адам" (Mr. Nobody Against Putin) деректі фильмі "Оскар" сыйлығын жеңіп алды. Бұл туындыда Ресей мұғалімінің Кремльдің Украинадағы соғысына қарсы жасырын күресі баяндалады.

КРЕМЛЬ ПРОПАГАНДАСЫН ӘШКЕРЕЛЕГЕН ТУЫНДЫ

Фильмнің негізгі кейіпкері – Таланкиннің өзі. Ол өзі жұмыс істеген Ресейдің Орал өлкесіндегі Қарабаш дейтін кеншілер қаласындағы мектептегі күнделік өмірді таспаға түсіріп жүрген.

Таланкин екі жыл бойы түсірген бейнетаспада Ресей билігі мектеп оқушылары арасында соғыс үгіт-насихатын қалай жүргізетіні көрсетілген.

35 жастағы Павел Таланкинге, Ресей білім министрлігінің талабы бойынша, Қарабаштағы бастауыш мектепте соғысты жақтайтын пропаганданы видеоға түсіру міндеті жүктелген.

Бірақ мектептегі "патриоттық білім беру" науқаны жайлы кадрлар аяғында Кремль пропагандасын әшкерелейтін деректі фильмге айналды.

Фильмде Таланкиннің қалай қудалауға тсүкені, шетелге қалай қашқаны да айтылады.

The Hollywood ‌Reporter басылымы бұл фильмді "ашық әрі әсерлі хроника" деп бағалаған.

"Путинге қарсы шыққан беймәлім адам" өз еліңнен қалай айырылып қалуға болатынын көрсетеді. Бұл кадрлармен жұмыс істегенде түсінгеніміз – елден саны көп кішкентай сыбайластық әрекеттері кесірінен айырылып қалуға болады" деді Боренштейн сахнада Таланкинмен бірге тұрып.

"Сыбайлас ретінде әрекет еткенімізде, өкімет ірі қалаларымыздың көшелерінде адамдарды өлтіргенде, біз ол туралы ешнәрсе айтпағанда, олигархтар медианы қолына алғанда және ондағы өнімді бақылауға алса [елімізден айырыламыз]" деді ол.

"АДАМ СЕНГІСІЗ ЖАҒДАЙ"

Биыл 15 наурыз күні Лос-Анжелесте өткен марапаттау салтанатына жиналған жұрттың алдында Таланкин: "Екі жыл бұрын осылай болады деп айтқаныңызда, оған сенбей, әбден күлер едім. Адам сенгісіз жағдай" деді.

Павел Таланкин 2024 жылғы жазда видеожазбаларын алып, Ресейден шетеге қашқан.

Ол әуелі режиссер Дэвид Боренштейнмен онлайн танысқан, ал Боренштейн CBS-ке хабарласқан. Сөйтіп екеуі фильм түсіруді бастаған. Режиссер Еуропада жүріп қашықтан нұсқау беріп отырған.

Фильм биыл ақпанда Лондонда BAFTA сыйлығын да жеңіп алған.